Иран Трамптың қоқан-лоқысына қарамастан АҚШ-пен келіссөзді жалғастыратынын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Тегеран Вашингтонға өз ескертулерін делдал арқылы жеткізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі. 

Иран заявил о продолжении переговоров с США несмотря на угрозы Трампа
Фото: Anadolu

Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Багаи дүйсенбіде өткен брифингте Тегеран америкалық тарапқа АҚШ-тың соғысты тоқтату туралы соңғы ұсынысына қатысты өз ескертулерін жеткізгенін және пікір алмасу пәкістандық делдал арқылы жалғасып жатқанын мәлімдеді.

- Кеше хабарлағанымыздай, біз өз алаңдаушылығымызды америкалық тарапқа жеткіздік, - деді Багаи.

Ол байланыс Пәкістан арқылы жүріп жатқанын қосып өтті.

Reuters-тің пәкістандық дереккөзге сілтеме жасай отырып хабарлауынша, Исламабад АҚШ-қа Иранның келісімге қатысты қайта қаралған ұсынысын жеткізген. Дереккөз екі тараптың «мақсаттарын үнемі өзгерту» себебімен келіспеушіліктерді шешуге уақыттың азайып бара жатқанын атап өтті.

Осы арада АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранға қатысты риторикасын күшейтіп отыр. Кеше Truth Social-дағы жазбасында ол Иран үшін «уақыт өтіп бара жатқанын» мәлімдеп, Иран басшылығын тез әрекет етуге шақырды.

- Иран үшін уақыт өтіп жатыр, олар тез әрекет еткені жөн, әйтпесе олардан ештеңе қалмайды. Уақыт өте маңызды мәнге ие, - деп жазды Трамп.

Axios мәліметінше, Трамп сейсенбі күні Ақ үйдің Жағдаяттық орталығында Иранға қарсы ықтимал әскери нұсқаларды талқылау үшін ұлттық қауіпсіздік жөніндегі негізгі кеңесшілермен кездесу өткізеді деп күтіліп отыр.

Израильдік БАҚ Трамптың әлі де Иранмен келісімге қол жеткізу мүмкін деп санайтынын және Тегеранның алдағы күндері жаңартылған ұсыныс жасауын күтетінін хабарлады. Бұл ретте ол келіссөздің мерзімін белгілеуден бас тартты, бірақ Иран АҚШ-тың ядролық бағдарламасына қатысты талаптарын орындамаған жағдайда әскери әрекеттерді күшейтеміз деп қорқытты.

- Біз мәмілеге қол жеткізгіміз келеді. Олар біз қалаған жерде емес. Олардың сол жерге жетуіне тура келеді, әйтпесе қатты соққыға жығылады, ал олар мұны қаламайды, - деп келтіреді басылым Трамптың сөзін.

БАҚ: АҚШ пен Израиль Иранға қарсы соққыларды қайта бастауға дайындалып жатыр

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жексенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті. Осыдан кейін ол қауіпсіздік мәселесіне арналған жабық кеңес өткізді. Израильдік БАҚ мәліметінше, жиында Иранмен соғыс және әскери әрекеттерді қайта бастау мүмкіндігі талқыланған.

Бұған дейін The New York Times АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операцияны қайта бастау ықтималдығына дайындалып жатқанын хабарлаған еді.

Басылым дерегінше, қарастырылып жатқан нұсқалардың қатарында америкалық арнайы жасақтарды жасырылған ядролық материалдарды іздеуге жіберу жоспары бар. Оның ішінде Исфахандағы нысандар да аталады. Сонымен бірге Иранның әскери және инфрақұрылымдық объектілеріне соққыны күшейту мәселесі қаралып жатыр.

Қазір аймақта АҚШ-тың шамамен 5 мың теңіз жаяу әскері мен 82-ші әуе-десант дивизиясының екі мыңға жуық сарбазы орналасқан. Олар ықтимал бұйрықты күтіп отыр. Сондай-ақ Пентагон Иранның негізгі мұнай хабтарының бірі саналатын Харк аралын бақылауға алу сценарийін де қарастырған. Алайда бұл жоспар адам шығыны көп болуы мүмкін деген қауіпке байланысты күрделі нұсқа ретінде бағаланып отыр.

5 мамырдағы брифингте АҚШ Қарулы күштері штаб бастықтары біріккен комитетінің төрағасы Дэн Кейн Иранға қарсы ірі әскери операцияны қайта бастауға 50 мыңнан астам америкалық әскери қызметкер дайын тұрғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, екі ұшақ тасымалдаушы кеме, оннан астам эсминец пен әскери ұшақтар да толық дайындық режимінде.

Бұған дейін Вашингтон Тегеранға дағдарысты реттеуге арналған 14 тармақтан тұратын жоспар ұсынған. Құжатта Иранның ядролық қарудан бас тарту, уран байытуды 12 жылға тоқтату және 60 пайызға дейін байытылған шамамен 440 келі уранды өткізу сияқты мәселелер қарастырылған. Өз кезегінде АҚШ санкцияларды кезең-кезеңімен алып тастауға және Иран активтерін бұғаттан шығаруға дайын екені айтылған.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы 28 ақпанда басталған.

Пәкістанның арағайындығымен сәуір айында қол жеткізілген бітім әзірге тұрақсыз. Тараптар бір-біріне айып тағып келеді. Сонымен қатар АҚШ-тың Иран порттарына қойған шектеулері мен Ормуз бұғазындағы кемелерге жасалған шабуылдар жағдайды ушықтырып отыр.

Осыған дейін АҚШ-тың Иранға ядролық келіссөздерді қайта бастау үшін бірнеше шарт қойғаны туралы жаздық.