АҚШ пен Иран келіссөздері: бітім мерзімі аяқталуға жақын, нәтиже әлі белгісіз

АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі дайындаған материалда Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздерге қатысты негізгі сигналдар, сараптамалық бағалар және ықтимал сценарийлер қамтылған.

АҚШ пен Иран келіссөздері: бітім мерзімі аяқталуға жақын, нәтиже әлі белгісіз
Фото: x.com/@CENTCOM

АҚШ пен Иран арасындағы уақытша бітім мерзімінің аяқталуына санаулы сағат қалды.Алайда екі тараптан да ықтимал кездесуге дайындық барысы жөнінде жанама сигналдар байқалады. Соған қарамастан, Вашингтон мен Тегеран бір мезетте саяси және дипломатиялық қысымды күшейтіп, өз ұстанымдарын нығайтуға тырысып отыр.

Вашингтон жариялаған екі апталық бітімнің мерзімі шығыс жағалауы уақыты бойынша сәрсенбі кешінде аяқталуы мүмкін. Бұл Астана уақытымен бейсенбі таңына сәйкес келеді. Тараптар бітім мерзіміне қатысты ресми ортақ ұстаным білдірген жоқ. Нақты уақыт межесі әлі анықталған жоқ.

Пәкістан алаңындағы ықтимал келіссөздер дипломатия үшін соңғы мүмкіндік ретінде бағаланып отыр.

Бұған дейін Исламабадтағы кездесу нәтижесіз аяқталған. Қазір диалогты қайта жандандыруға талпыныс күшейді.Reuters агенттігінің хабарлауынша, процеске қатысқан дереккөздер «алға ілгерілеу» бар екенін айтады. Келіссөздер алдағы 24 сағат ішінде басталуы мүмкін.

АҚШ делегациясы келіссөзге жол ашады

Вашингтонда сақтыққа негізделген оптимизм байқалады. Америкалық БАҚ мәліметінше, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс сейсенбі күні делегацияны бастап Пәкістанға аттанады. Делегация құрамында президент кеңесшілері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер бар.

Келісімге қол жеткізілген жағдайда АҚШ президенті Дональд Трамптың процеске тікелей немесе онлайн форматта қатысуы да қарастырылып отыр.

Ақ үй өкілдері тараптардың келісімге жақын екенін мәлімдеді. Вашингтон үшін басты басымдықтардың бірі — Иранның ядролық қару жасауына жол бермеу. Екінші маңызды бағыт — мұнай нарығындағы тұрақтылықты сақтау.

Нарықта мұнай бағасының төмендегені бірден байқалады. Brent маркалы мұнай баррелі 1,04 долларға арзандап, 94,44 долларды құрады. WTI маркалы мұнай 1,66 долларға төмендеп, 87,95 доллар болды. Бұған дейін келіссөздерге қатысты күмән күшейгеннен кейін баға шамамен 6 пайызға өскен еді.

Иран тарапынан қайшылық күшейді

Тегеран ұстанымы келіссөздерге қатысты әлі де біржақты емес. Бір дереккөз Reuters агенттігіне берген мәліметінде келіссөздерге қатысу мүмкіндігі «оң бағаланып отырғанын» айтқан. Дегенмен түпкілікті шешім қабылданбаған.

Ресми құрылымдар керісінше бағыттағы ақпарат таратып отыр. Иранның мемлекеттік телеарнасы елден ешбір делегацияның Исламабад қаласына жіберілмегенін хабарлады. Келіссөз процесіне қатысуы тиіс негізгі өкілдердің ел ішінде екені де атап өтілді.

«Қазіргі уақытқа дейін Ираннан ешбір делегация Пәкістанның Исламабад қаласына жіберілген жоқ; негізгі де, қосалқы да, бастапқы да, екінші деңгейлі де делегация жоқ», — деп хабарлады Иранның мемлекеттік телеарнасы IRIB.


Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Эсмаил Багаи де бұған дейін келіссөздерге қатысу жөніндегі шешімнің әлі қабылданбағанын растаған.

Саяси жүйе ішінде қатаң ұстанымдар да күшейіп отыр. Парламенттің Ұлттық қауіпсіздік комиссиясының мүшесі Мұхаммед Реза Мохсени Сани қазіргі жағдайда келіссөздерді «қабылдауға болмайды» деп мәлімдеді. Ол АҚШ-ты шамадан тыс қысым көрсетіп, ішкі саяси мақсаттарды көздеп отыр деп айыптады.

«Біз қауіп-қатер жағдайында жүргізілетін келіссөздерді қабылдамаймыз», — деді парламент спикері Мұхаммед Багер Қалибаф. Ол Иранның балама сценарийлерге, соның ішінде қақтығыс жағдайына да дайын екенін атап өтті.

Әскери фактор мен соңғы оқиғалар

Дипломатиялық үдеріс өңірдегі шиеленістің күшеюімен қатар жүріп жатыр. Тегеран әскери құрылымдары қақтығыс қайта өршіген жағдайда «жедел әрі шешуші жауап беруге» дайын екенін мәлімдеп отыр.

Маңызды оқиғалардың бірі ретінде «Touska» иран кемесіне қатысты жағдай аталады. Бұған дейінгі мәліметтерге сәйкес, АҚШ бұл кемені Ормуз бұғазы аймағында ұстаған.

АҚШ тарапының нұсқасы бойынша, экипаж алты сағат бойы ескертулерге құлақ аспаған. Сондай-ақ кемеде қос мақсатта пайдаланылуы мүмкін жүк болуы ықтимал екені айтылған. Ал Тегеран бұл деректі жоққа шығарып, кемені, экипажды және олардың отбасыларын дереу босатуды талап етіп, салдары болатынын ескерткен.

Қысымның тағы бір маңызды факторы ретінде Ормуз бұғазы аталды. Бұл теңіз өткелі арқылы әлемдік мұнай мен сұйытылған газ тасымалының шамамен бестен бірі өтеді.
Иран осы бағыттағы бақылауды келіссөздердегі қысым тетігі ретінде қарастырып отыр. Сондай-ақ теңіз тасымалына қатысты шектеулерді АҚШ порттар блокадасын алып тастаумен байланыстырып келеді.

Вашингтон мен Тегеран арасындағы риторикалық текетірестер

Тараптар арасындағы саяси риторика барған сайын қатаң сипат алып отыр. Вашингтон өкілдері Дональд Трамп арқылы Тегеран келіссөздерден бас тартса, «бұрын-соңды болмаған қиындықтарға» тап болатынын ескертіп отыр.

— Олар келіссөз жүргізеді, әйтпесе бұрын-соңды болмаған қиындықтарға тап болады, — деді Дональд Трамп радиожурналист Джон Фредерикске берген сұхбатында.

Бұған дейін ол Иран аумағындағы негізгі инфрақұрылым нысандарына, соның ішінде көпірлер мен электр станцияларына соққы беру ықтималдығын жоққа шығармаған.

Тегеран тарапы да жауап риторикасын күшейтіп отыр. Иран өкілдері Парсы шығанағы елдеріндегі энергетикалық нысандар мен су ресурстарын қамтамасыз ету инфрақұрылымына шабуыл жасалған жағдайда қарсы соққы беруге дайын екенін мәлімдеді.

Трамптың мәлімдемелері шиеленісті күшейте түсті

Дональд Трамптың ашық және үздіксіз мәлімдемелері Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздер үдерісіне қосымша қысым түсіріп отыр. Америкалық БАҚ бұл риторика келіссөздердің нәзік тепе-теңдігін бұзып, Иран тарапындағы сенімсіздікті күшейтуі мүмкін екенін хабарлайды.

CNN арнасы кеңесшілерге сілтеме жасай отырып, АҚШ президентінің келіссөз мазмұнына қатысты жария мәлімдемелері дипломатиялық арналардағы жұмысты қиындатып отырғанын хабарлаған. 

Америкалық шенеуніктердің (аты-жөнін атамау шартымен) айтуынша, өткен жұма күні келіссөздер ілгерілеу кезеңіне жақындаған сәтте Трамп бұл үдеріс туралы әлеуметтік желілерде пікір білдіре бастаған. Сондай-ақ ол журналистермен ұзақ телефон сұхбаттары барысында да мәлімдемелер жасаған. Шенеуніктердің бағалауынша, оның Truth Social платформасындағы күнделікті көптеген жазбалары да келіссөз атмосферасына әсер еткен.

Негізгі келіспеушіліктер

Келіссөздер басталғанымен, Вашингтон мен Тегеран арасындағы негізгі позициялар бойынша ортақ ымыра әлі қалыптасқан жоқ.

Иранның ядролық бағдарламасы: АҚШ Иранның ядролық бағдарламасын толық тоқтатуды талап етіп отыр. Ал Тегеран мұндай шектеулер тек уақытша сипатта болуы керек екенін алға тартады.

Ирандағы уран қоры: Дональд Трамп АҚШ Иранның шамамен 400 кг жоғары байытылған уран қорын халықаралық бақылауға беруін көздеп отырғанын мәлімдеген. Тегеран бұл талапты үзілді-кесілді қабылдамайды.

Ормуз бұғазы: Иран АҚШ тарапынан порттарға қатысты шектеулер жойылғанға дейін осы теңіз жолында кеме қатынасына қатысты тетіктерді сақтауды талап етеді. АҚШ болса, бұл мәселе келісім жасалғанға дейін өзгермейтінін алға тартып отыр.

Бұғатталған активтер: Иран шенеуніктері ұзақ мерзімді келісім аясында санкцияларды толық жоюды және шамамен 20 млрд доллар көлеміндегі бұғатталған қаражатты босатуды талап етті.

Әскери өтемақы: Сонымен қатар Тегеран АҚШ пен Израиль тарапынан жасалған шабуылдардан келген шығын үшін шамамен 270 млрд доллар өтемақы төлеуді ұсынды.

Исламабад келіссөздерді күту режимінде

Осы арада Исламабад АҚШ–Иран келіссөздері үдерісінде маңызды делдал рөлін сақтап отыр. Пәкістан билігі тараптарды диалогқа тарту үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Ресми деректерге сәйкес, алдағы 24 сағат ішінде келіссөздер басталуы мүмкін.

— Пәкістан бұл процесті тығырықтан шығаруға тырысып, тәулік бойы жұмыс істеуде. Бүгін кешке немесе ертең біз жағдайдың біршама оң бағытқа қарай жылжуына үміттенеміз, — деп Исламабадтағы мемлекеттік саясат жөніндегі сарапшы Нилофер Африди Қази Al Jazeeraарнасына берген пікірінде айтқан.

Оның айтуынша, Исламабадта келіссөздерге дайындық қызу жүріп жатыр. Ал сарапшылар ахуалды үздіксіз бақылауда. Қазір қалада қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, 20 мыңға жуық құқық қорғау қызметкері жұмылдырылған.

Сарапшылардың пікірінше, келіссөздер басталған күннің өзінде, күрделі әрі ұзаққа созылуы мүмкін.

Осылайша, бітім мерзімі аяқталуға жақындаған тұста тараптардан қарама-қайшы мәлімдемелер түсіп жатыр. Алдағы сағаттар шешуші кезең болмақ. Келіссөздер жаңа дипломатиялық кезеңге өтуі мүмкін немесе шиеленіс қайта күшеюі ықтимал.