АҚШ пен Украина делегациясы Сауд Арабиясында келіссөз жүргізеді

АСТАНА.KAZINFORM — Сауд Арабиясында өтетін кездесу туралы Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф хабарлады, деп жазады Euronews.

АҚШ пен Украина делегациясы Сауд Арабиясында келіссөз жүргізеді
Фото: Pixabay.com

Брюссельдегі саммитке қатысқан Украина президенті Владимир Зеленский Х әлеуметтік желісінде келесі дүйсенбі күні Сауд Арабиясына «тақ мұрагері ханзадасымен кездесу үшін» баратынын жазды.

Осыдан кейін оның командасы америкалықтармен келіссөз жүргізу үшін Сауд Арабиясында қалатынын да айтты.

— Украина әлемге көбірек үміт артады. Бұған дейін АҚШ президентіне айтқанымыздай, Украина тез әрі сенімді бейбітшілікке жету үшін сындарлы жұмысын жалғастырады, — деп жазды Зеленский.

DW хабарлауынша, АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Вашингтонда өткен баспасөз мәслихатында Украина делегациясымен келіссөздер Сауд Арабиясында 11 наурызда өтуі керек екенін айтты. Ол кездесуде «бейбіт келісім» шарттарын және атысты тоқтату мүмкіндігін талқылау жоспарланғанын айтты.

Fox News журналисі Джеки Хайнрих бұған дейін АҚШ-тан келіссөздерге Мемлекеттік хатшы Марко Рубио, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц және Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы Арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысатынын айтқан болатын. Украинаның атынан Президент Кеңсесінің басшысы Андрей Ермак қатысады.

Естеріңізге сала кетейік, Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты тез арада аяқтау АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлауалды уәделерінің бірі болған. Өткен аптада ол Вашингтонға келген Владимир Зеленскийді бейбітшілікке дайын емес деп айыптады.

Ал 5 наурызда Трамп Украина президентінен Владимир Зеленский «тұрақты бейбітшілікке жету үшін» жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеген хат алғанын хабарлады.

Соңғы жаңалықтар