АҚШ пен Ұлыбритания болат тарифтері бойынша келіссөздерді қайта бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания мен АҚШ өкілдері Ақ үй басшысы Дональд Трамптың Ұлыбританияға мемлекеттік сапары қарсаңында болатқа қатысты кедендік баж салығы жөніндегі диалогқа қайта оралды. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Басылымның ақпаратына сәйкес, бірнеше айға тоқтап қалған келіссөздер жақында қайта жанданды. Дереккөздердің бірінің айтуынша, Ұлыбритания «нақты нәтижеге қол жеткізуді көздеп отыр», өйткені келісімдер бойынша жұмыс «ілгері кезеңде» тоқтап қалған болатын.
Биыл мамыр айында мәміле жасау ниеті бірнеше рет хабарланған еді. 8 мамырда Трамп АҚШ пен Ұлыбритания жаңа сауда келісімін жасасқанын жариялады, алайда сол кезде болат тарифтері мәселесі ашық қалған. 26 маусымда Лондон болат өнімдерін стратегиялық маңызды ресурстар тізіміне енгізуді жоспарлап отырғаны белгілі болды.
Айта кетелік Ұлыбритания, Франция және Германия Иранға қарсы санкцияларды қайтару процесін бастаған еді.