АҚШ президенті Өзбекстанды Бейбітшілік кеңесіне қосылуға шақырды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — АҚШ Президенті Дональд Трамп Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевке хат жолдап, Газа бойынша құрылатын Бейбітшілік кеңесіне қосылуға шақырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Мұны Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов мәлім етті. Ол атап өткендей, бұл бастама былтыр қыркүйекте жарияланған Газадағы қақтығысты тоқтату жөніндегі кешенді жоспармен, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2025 жылғы 17 қарашадағы №2803 қарарымен мақұлданған.
— Бастаманың негізгі мақсаты — бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын мемлекеттерді біріктіре отырып, жаңа халықаралық құрылым жасақтау, - деп мәлімдеді Шерзод Асадов.
Сондай-ақ, Дональд Трамп Өзбекстанды Бейбітшілік кеңесіне құрылтайшы мемлекет ретінде қосылуға шақырды. Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев америкалық әріптесіне Өзбекстанның бұл бастамаға қосылуға дайын екендігін білдіріп, хат жолдады.
Еске салайық, бұған дейін Дональд Трамп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Газа бойынша құрылатын Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге ресми шақырып, ал Қазақстанға құрылтайшы мемлекеттердің бірі болуды ұсынған еді.