АҚШ Сирияны «терроризмді қолдайтын елдер» тізімінен шығарды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Қаржы министрлігі Сирияның ресми түрде «терроризмді қолдайтын елдер» тізімінен шығарылғанын хабарлады, деп жазады Анадолы.

АҚШ Сирияны «терроризмді қолдайтын елдер» тізімінен шығарды
Фото: Анадолы

АҚШ Қаржы министрлігінің жазбаша мәлімдемесінде президент Дональд Трамптың Сирияға қатысты саясатына сәйкес, елдің аталған тізімнен шығарылғаны айтылған.

Сонымен қатар «Хаят Тахрир аш-Шам» (ХТШ) ұйымы «арнайы белгіленген жаһандық террористік ұйымдар» (SDGT) тізімінен шығарылды.

Осыған байланысты АҚШ Қаржы министрлігінің құрамына кіретін Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) да ХТШ-ны арнайы белгіленген азаматтар мен санкцияға ұшыраған тұлғалар тізімінен алып тастады.

Шілде айында АҚШ әкімшілігі Конгреске жолдаған хабарламасында Сирияны аталған тізімнен шығару жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын.

АҚШ Сирияны «терроризмді қолдайтын елдер» тізіміне 1979 жылы енгізген. Қазір бұл тізімде Иран, Куба және Солтүстік Корея бар.

Осыдан бұрын Сирия 2024 жылдың желтоқсанындағы биліктің ауысуынан кейін президент Башар Асадқа қарсы алғашқы сот үкімін шығарғанын жазған болатынбыз.