АҚШ соты Сирия түрмесінің бұрынғы басшысын 60 жылға соттады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ соты Сириядағы әйгілі түрмелердің бірінде тұтқындарды азаптау ісіне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Лос-Анджелес федералдық соты Дамаск орталық түрмесінің бұрынғы бастығы Самир Усман аш-Шейхті 60 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы SANA агенттігі АҚШ Әділет министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Аш-Шейх 2005-2008 жылдары Сирия президенті Башар Асадтың билігі тұсында Адра түрмесін басқарған.
A U.S. court sentenced Brig. Gen. Samir Ousman al-sheikh, a former director of Adra Central Prison under the deposed regime, to 60 years in prison after his conviction on torture and immigration fraud charges. #Syria #AdraPrison https://t.co/89hOxV6HW0 https://t.co/GANrW0LuCP
— SANA English (@SANAEnOfficial) September 18, 2026
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол Сирия билігіне қарсы шыққандарды басу үшін қызметкерлеріне тұтқындарға физикалық және психологиялық зорлық көрсетуге бұйрық беріп, кей жағдайларда азаптау әрекеттеріне өзі де қатысқан.
Наурыз айында алқабилер 74 жастағы Аш-Шейхті азаптауға қатысты сөз байласу және азаптаудың үш дерегі бойынша кінәлі деп таныған. Сотта бұрынғы үш тұтқын түрмеде өздеріне және басқа да тұтқындарға жасалған зорлық-зомбылықты баяндады.
Ол сондай-ақ иммиграциялық алаяқтық жасағаны үшін де кінәлі деп танылды. 2020 жылы АҚШ-қа келген Аш-Шейх виза және тұруға ықтиярхат алу кезінде Сириядағы қызметі туралы жасырған. Бұдан бөлек Америка азаматтығын алуға өтініш бергенде де жалған дерек ұсынған.
Прокуратура Аш-Шейхті кемінде 80 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал қорғау тарапы сотталушының жасы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, бес жылдық жаза тағайындауды талап етті. Бұған дейін Аш-Шейх өз кінәсін мойындамаған.
АҚШ Әділет министрлігі оны Сириядан тыс жерде жеке сотталып, кінәлі деп танылған Башар Асад үкіметінің бұрынғы ең жоғары лауазымды өкілі деп атады.
Сәуірде Сирия соты бұрынғы президент Башар Асад пен оның ағасына қатысты істі сырттай қарауға кірісті. Тамыз айында экс-президентке өлім жазасы кесілді.
Бұған дейін Сирия демократиялық күштері өзін тарататынын мәлімдегенін хабарлаған болатынбыз.
Ақзат Жиеналина