АҚШ-та 11 қыркүйек терактісін ұйымдастырды деген Мохаммедтің сот күні белгіленді

АСТАНА. KAZINFORM — Әскери судья сәрсенбі күні 11 қыркүйектегі терактілерді ұйымдастырды деп айыпталған адамның сот отырысы 2028 жылдың маусым айына белгіленгенін айтты, деп хабарлайды NBC News.

АҚШ-та 11 қыркүйек терактісін ұйымдастырды деген Мохаммедтің сот күні белгіленді
Фото: The Bell

Халид Шейх Мохаммед шабуылдарға қатысы бар басқа күдіктілер Валид бин Атташ, Әли Абдул Азиз Әли және Мұстафа Ахмед әл-Хаусавимен сот отырысына қатысады.

Мохаммедке 2001 жылдың 11 қыркүйегінде Нью-Йорк қаласындағы Дүниежүзілік сауда орталығындағы терактілерді ұйымдастырды деген айып тағылды. Онда ұрланған ұшақтар Нью-Йорк пен Пентагондағы сауда үйлеріне шабуыл жасаған болатын. Тағы бір ұшақ Пенсильванияда егістікке құлады.

Әскери сот судьясы, Әскери-әуе күштерінің подполковнигі Майкл Шрама сәрсенбі күні прокурорлардың сот отырысын 2027 жылдың қаңтарына тағайындау туралы ұсынысын кері қайтарып, сот отырысын 18 айдан кейінге белгіледі.

Сот отырысының күні өткен жылдың жазында федералды апелляциялық сот Мохаммедті өлім жазасынан босату үшін кінәсін мойындауға мүмкіндік беретін келісім қабылданбағаннан кейін жарияланды.

2008 жылы Мохаммедке 11 қыркүйектегі шабуылдарда шамамен 3 000 адамның өліміне әкелген қанды қылмыс пен кісі өлтіру айыптары тағылды.

Мохаммед пен басқа да күдіктілерді жауапкершілікке тарту процесі бірнеше жылға созылды. Қорғаушы адвокаттардың айтуынша, бұл кідіріс үкіметтің айыпталушылар Гуантанамоға ауыстырылғанға дейін ЦРУ-дың құпия түрмелерінде олардың қалай азапталғаны туралы мәліметтерді жасыруға тырысуымен байланысты.

Мохаммед 2003 жылы Пәкістанда тұтқынға алынып, үш жылдан кейін Гуантанамоға ауыстырылды. 2014 жылғы Сенат есебінде ЦРУ Мохаммед пен басқа да күдіктілерге қарсы «күшейтілген жауап алу әдістерін» қолданғаны анықталды. Нақтырақ айтқанда, Мохаммедті 183 рет суға тұншықтырған.

Бұған дейін АҚШ жалған неке схемасымен грин-карта таратқан 11 адамды жауапқа тартқанын хабарлаған едік.