АҚШ-та басып шығарылған алғашқы қазақ әдебиеті антологиясының тұсаукесері өтті
АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - 12 маусым күні Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен АҚШ-тың беделді университеттерінің бірі - Колумбия университеті басып шығарған «The Stories of the Great Steppe. The Anthology of Modern Kazakh Literature» атты алғашқы қазақ әдебиеті антологиясының тұсаукесеріне қатысты. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Шараға қатысқан қонақтар арасында Фариза Оңғарсынова, Шөмішбай Сариев секілді қаламдары қарымды ақын-жазушылар, ағартушы-ғалымдар мен әдебиеттанушылар және дипломатиялық корпус өкілдері болды. Қ. Сарыбай өз сәлемдеме сөзінде бұл антологияның арқалаған жүгі еліміздің елеулі қазынасы болып саналатынын атап өтті. «Осы кітаптың арқасында Колумбия университетінде арнайы топтар ашылып, сонда оқитын жастарға заманауи қазақ әдебиетін таныстыратын курстар жүргізуде таптырмас оқулық көзіне айналуда. Бұл өз кезегінде Қазақстанның мақтан тұтатын әдебиет үлгілері арқылы Батыстың оқырман қауымын қазақ мәдениетімен, дәстүрімен, әдет-ғұрыптарымен, тұрмысымен және күнделікті өмірімен кеңінен таныстыруға мүмкіндіктер туғызатыны сөзсіз», - деді министр орынбасары.
Сонымен қатар, кітаптың құрастырушысы доктор Рафиз Абазовтың осыған дейін де ұқсас жобалармен жұмыс істегенін атап өткен жөн. Әлемге әйгілі қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтің шығармалар жинағын да құрастырып ағылшын тілінде шығарған болатын.
«Жалпы бұл ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен жарық көріп отырған бірінші кітап емес. Қазақстан Республикасының шетелдердегі бірқатар дипломатиялық миссиялары, оның ішінде Түркиядағы, Германиядағы, Польшадағы Елшіліктерінің бастамасымен де сол тілдерде бірқатар әдеби мұралар жарық көрген және осы үрдіс өз жалғасын тауып келеді. Осындай игі бастамалар өз мақсатына жетіп, шетелдік қалың оқырман қолына түсіру үшін Қайрат Сарыбай мырза шараға қатысып отырған дипломатиялық корпус өкілдеріне ұсыныс жасап, жарық көріп отырған кітаптарды өз елдерінде кеңінен насихаттауға шақырды», - делінген баспасөз баянында.