АҚШ-та грин-картаға өтініш беру тәртібі өзгереді

АСТАНА. KAZINFORM — Трамп әкімшілігі жарты ғасырдан астам уақыт бойы қолданылып келе жатқан тәжірибеге күтпеген өзгеріс енгізетінін хабарлады. Енді АҚШ-та тұрақты тұруға рұқсат алғысы келетін шетел азаматтары өз еліне оралып, сол жерде өтініш беруі керек, деп хабарлайды Associated Press.

АҚШ-та грин-картаға өтініш беру тәртібі өзгереді
Фото: Арменпресс

Жаңа ереже иммиграциялық адвокаттар, құқық қорғау ұйымдары және мигранттар арасында алаңдаушылық тудырды.

АҚШ азаматтық және иммиграция қызметі (USCIS) хабарлағандай, елде уақытша тұрған шетелдіктер — студенттер, еңбек мигранттары, туристер — АҚШ-тан кетіп, грин-картаға өтінішті шетелден беруі тиіс. Тек «төтенше жағдайлар» жағдайында, оларды жеке-жеке қызметкерлер қарастырады.

— Шетелдіктер АҚШ-қа қысқа мерзімге және нақты мақсатпен келеді. Жүйе олардың уақытын өткізіп, кетуін есептейді. Келу олардың грин-карта алу процесінің алғашқы қадамы болмауы тиіс, — делінген ведомство хабарламасында.

Байден әкімшілігі кезіндегі USCIS-тің бұрынғы кеңесшісі Даг Рэндтің дерегінше, АҚШ-та заңды тұрғыда тұрған жыл сайын шамамен 600 000 адам грин-картаға өтініш береді. Бұған дейін 50 жылдан астам уақыт бойы АҚШ азаматтарының жұбайлары, жұмыс және студенттік визасы бар шетелдіктер, босқындар мен саяси баспана іздегендер елден шықпай-ақ грин-карта рәсімін өткізетін.

USCIS жаңа ережелердің қашан күшіне енетінін немесе бұрын берілген өтініштерге әсер ететінін нақтыламады. Агенттік AP-ке жазбаша хабарламасында «экономикалық пайда әкелетін» немесе «ұлттық мүддеде әрекет ететін» адамдар өтініш қаралу кезінде АҚШ-та қалуы мүмкін екенін атап өтті.

Иммиграциялық адвокаттар мен құқық қорғаушылар бұл жаңалықты сынға алды. Олардың айтуынша, біраз шетелдік қауіпсіздік себептерімен немесе өз елінде АҚШ елшілігінің болмауынан оралмайды — мысалы, Ауғанстанда АҚШ елшілігі 2021 жылдың тамыз айынан бері жабық. Кейбір АҚШ консулдықтарында шетелде визаны рәсімдеу үшін бір жылға дейін кезек бар.

— Отбасының мүшелеріне шетелдік жұбайы виза алу үшін өз еліне оралуы керек деп айтылса, бірақ ол жақта виза берілмесе, бұдан шығар жол жоқ. Мұндай саясат отбасыларды ажырастырады, — деп ескертті World Relief гуманитарлық ұйымы. 

Жаңа ереже — Трамп әкімшілігінің иммиграциялық саясатты қатаңдату қадамдарының бірі. Бұған қоса, онда жүздеген ел азаматтарына кіруге шектеу және визаны өңдеуді уақытша тоқтату шаралары енгізілген.

Айта кетейік, Дональд Трамп Браун университетіндегі атыстан кейін АҚШ иммиграциялық визаларын алуға арналған грин-карта лотереясы бағдарламасын тоқтатты.