АҚШ-та Тәуелсіздік күнін мерекелеу кезінде 400-ден астам адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Тәуелсіздік күні мерекесі кезінде Ньюпорт-Бич қаласында құқық қорғау органдары 400-ден астам адамды ұстады, деп хабарлайды Report.
Los Angeles Times газетінің мәліметінше, мереке қарсаңында жергілікті билік құқық бұзушылықтарға қатысты «мүлдем төзбеушілік» саясатын жариялаған.
4 шілде кешінде мерекелік шара жаппай тәртіпсіздікке ұласып, көшедегі төбелестер, ұрлық, жол белгілерін бүлдіру және отшашуларды заңсыз ату фактілері тіркелді.
Ұсталғандардың басым бөлігі — жастар. Олардың көбі Ньюпорт-Бич қаласының тұрғындары емес. Жастардың біразы заңсыз отшашу атылғаны туралы хабар түскен жергілікті жағажайда ұсталған.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп Американың 250 жылдығына арналған Freedom 250 мерекелік концертіне көп әртіс қатысудан бас тартқаннан кейін оны «Американы қайтадан ұлы етейік» ұранымен митингпен алмастыруды ұсынған болатын.