АҚШ-та үй бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Ұлттық риэлтолар қауымдастығының мәліметінше, үй бағасы 36 ай бойы өсіп келеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы тілшісі CBS News-ке сілтеме жасап.
Маусым айында АҚШ-та тұрғын үйдің орташа бағасы 446 400 доллар болған. Бұл былтырғы осы кезеңіндегі 432 700 доллармен салыстырғанда 3 пайыз жоғары.
АҚШ-тағы ең қымбат баспана елдің батысында, мұнда үйдің орташа бағасы 633 600 долларға жеткен. Солтүстік-шығыста бұл көрсеткіш — 564 800 доллар. Ал орта батыста тұрғын үй бағасы салыстырмалы түрде төмен — 346 600 доллар, оңтүстікте 377 700 доллар шамасында.
Қазір америкалықтартың көпшілігі үшін баспана сатып алу қолжетімсіз болып отыр.
LendingTree мәліметінше, АҚШ-та шамамен 200 мың доллар тұратын үйді 10 отбасының төртеуінен азы ғана сатып ала алады. Ал Redfin жылжымайтын мүлік компаниясының есебіне қарағанда, америкалықтар орташа бағамен баспана алу үшін жылына шамамен 117 мың доллар табыс табуы қажет.
Бұған дейін АҚШ-та ипотекалық несие бойынша орташа айлық төлем 2 мың доллардан асқаны хабарланған еді. Сарапшылардың болжамынша, 2050 жылға қарай елдегі тұрғын үйдің орташа құны 1 миллион долларға дейін өсуі мүмкін.