АҚШ-тағы шатдаун 40 күнге созылды, 2,5 мыңнан астам әуе рейсі кейінге қалды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-та үкіметтің жұмысын қаржыландыру мәселесі шешілмей, ел тарихындағы ең ұзақ шатдаун (үкімет жұмысының тоқтауы) 40 күнге жетті. Осыған байланысты елдегі әуе қатынасы күрт нашарлап, екі күн ішінде 2 500-ден астам рейс тоқтатылды, деп хабарлайды Euronews.

В США отменяют авиарейсы
Фото: BBC

Демократтар мен республикашылар денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға қатысты келісімге келе алмай отыр. Сенат демалыс күндері Вашингтонда қалып, үкімет жұмысын қалпына келтіру мәселесін қарастырып жатыр, алайда әлі нақты шешім табылған жоқ.

Республикашылар үкімет жұмысын қайта бастауға және бірқатар мемлекеттік құрылымдарды жыл бойы қаржыландыруға бағытталған заң жобасын ұсынғанымен, оған демократтардың қолдауы жеткіліксіз.

«Бізге үкімет жұмысын қайта бастау туралы заң жобасын қабылдау үшін бірнеше ғана дауыс жетпей тұр», — деді Сенаттағы республикашыл көпшілік жетекшісі Джон Тун сенбі күні.

Ал демократтар Obamacare бағдарламасы бойынша денсаулық сақтауға арналған субсидияларды тағы бір жылға ұзартуды талап етуде. Республикашылар бұл ұсынысты қабылдамай, тек қалыпты нұсқаны талқылауға дайын екенін жеткізген.

Сарапшылардың айтуынша, егер Конгресс кеңейтілген субсидияларды уақытылы бекітпесе, келесі жылы медициналық сақтандыру жарналары екі еседен артық өсуі мүмкін.

Сенатор Берни Сандерс республикашылардың субсидияларды ұзарту жөніндегі уәдесін «нақты кепілдігі жоқ бос уәде» деп атады. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп жақын уақытта ымыраға келу ықтималдығы аз екенін мәлімдеді.

Әуе қатынасында үлкен ақаулар тіркелді

Федералдық авиация басқармасындағы қызметкерлердің жетіспеушілігіне байланысты елдің шығыс жағалауындағы бірқатар ірі әуежайларда, соның ішінде Нью-Йорк пен Ньюарк әуежайларында көптеген рейстер тоқтатылды немесе кешіктірілді.

Жұма және сенбі күндері АҚШ авиакомпаниялары 2 500-ден астам рейсті жойды. Сенбі, яғни саяхатшылар ең көп ұшатын күні, 1 500-ге жуық рейс кейінге қалдырылды, ал жексенбіге арналған тағы 1 000 рейстің тоқтатылатыны хабарланды.

АҚШ-тағы бұл шатдаун елдің инфрақұрылымына, әуе қозғалысына және мемлекеттік қызмет көрсету сапасына елеулі әсер етіп отыр. Сарапшылар жақын күндері Конгресс келісімге келе алмаса, жағдай одан әрі ушығуы мүмкін екенін ескертеді.

Соңғы жаңалықтар