АҚШ-тың Қазақстандағы сирек минералдар нарығына кіруінен не күтуге болады – сарапшылар пікірі
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Қарағанды облысындағы вольфрам кен орындарын бірлесіп игеру туралы келісім арқылы Қазақстанның минералдар нарығына кіруі ел экономикасын әртараптандырып, қосылған құны жоғары өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндік береді. Америка астанасындағы С5+1 саммитінің нәтижесі туралы пікір білдірген сарапшылар Қазақстан тарапы жүргізген келіссөздерден осындай үміт күтіп отыр.
Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасының кеңесшісі Мирас Жиенбаев сирек элементтер биыл әлем бойынша өзекті тақырыпқа айналғанын айтады.
- Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы және жетекші AI-шешімдерге арналған жаһандық бәсеке энергияға деген сұранысты күрт арттырды. Соның әсерінен әлем қазір жаңа қуат көздерін кеңейту жолдарын іздеуге көшті, - дейді ол.

Сарапшы 2023 жылы АҚШ-тағы ЖИ-ге арналған дата-орталықтар елдегі барлық электр энергиясының 4,4 пайызын тұтынғанын айтады. 2028 жылы бұл көрсеткіш 6,7-12 пайызға дейін барады деген болжам бар.
- Қазақстан мен АҚШ энергетика саласында 30 жылдан астам уақыт бойы тиімді серіктестік орнатты. Америкалық компаниялар өндіретін мұнайдың әр бесінші баррелі Қазақстаннан келеді, - деді Мирас Жиенбаев.
Оның айтуынша, Дональд Трамп сирек элементтер жеткізу тізбегін тұрақтандыруды сыртқы саясатының басты бағыттарының біріне айналдырған.
АҚШ-тың мүддесі – Қытайға тәуелділіктен арылу
«Өңірлік интеграцияны зерттеу институты» қорының жетекшісі Таисия Мармонтова ОА елдерімен АҚШ арасындағы маңызды минералдар саласын қамтыған келісімдер АҚШ-тың Қытайдың алдындағы тәуелділік деңгейін бәсеңдететінін айтады.
- Қазақстанмен арадағы келісім вольфрам, титан, бериллий, тантал және уран сияқты элементтердің сенімді жеткізу тізбегін қалыптастыруды көздейді. Вашингтон бұл жобаның стратегиялық сипатын ерекше атап өтті. Тіпті кей жобаларда АҚШ банктерінен қолдау қарастырылуы мүмкін, - дейді сарапшы.
Мирас Жиенбаевтың пікірінше, Орталық Азиядағы сирек минералдары нарығына Вашингтонның бұлайша ұмтылуы экономикалық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да айтулы сигнал.
- Америкалық бизнес Қазақстанның сирек минералдар нарығына тікелей кірген алғашқы шетел инвесторы атанды. Бұл қазақ-америка серіктестігінің жаңа кезеңі. Саяси деңгейдегі келісім нақты бизнес жобалармен жалғасып отыр, - дейді MNU сарапшысы.
Ядролық отыннан ионды батареялар нарығына
Таисия Мармонтова Қарағанды облысында сирек элементтің ірі кені табылғанын еске салады.
- Сәуір айында Құйрықтыкөл учаскесінде шамамен 1 млн тонна кені бар орын табылып, оған «Жаңа Қазақстан» деген ат қойды. Ол кенді 300 метр тереңдікке дейін игерсе, 20 млн тоннадан асатын өнім беруі мүмкін, - дейді ол.

Осы жаңалық АҚШ инвесторларының да назарына аударса керек.
- Бұл қаржы мен технологияға жол ашады, қосылған құнның бір бөлігін ел ішінде қалдырады. Экономикасы әлі әртараптанбаған ел үшін бұл үлкен артықшылық. АҚШ сияқты ірі тұтынушы тұрақты экспортты қамтамасыз етіп қана қоймай, логистикалық отандық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді, -дейді Таисия Мармонтова.
Маман Қазақстан Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында бериллий, тантал, ниобий шығару арқылы сирек метал өндірісін біршама игергенін айтады. Енді сирек магниттер мен батарея материалын өндіретін технологияларға қол жеткізбекші.
«Еуразиялық мониторинг» орталығының директоры Әлібек Тәжібаев Cove Capital мен «Тау–Кен Самұрықтың» бірлескен жобасына АҚШ-тың экспорт банкі 900 млн доллар салуға мүдделі екенін айтады.
- Бұл АҚШ капиталы мен технологиясы Қазақстанның маңызды минералдар нарығына кіруге дайын екенін көрсетеді. Осы модельді сирек элементтерге де қолдануға болады, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, мұндай жобалар Қазақстанды шикізаттық модельден жоғары қосылған құн өндірісіне көшуге жетелейді.
- Біздің ендігі міндетіміз – шикізат қорын дәлелдеу. Соның негізінде ESG стандарттарына сай оффтейк-шарттар бекітіп, өңдеу инфрақұрылымын дамытуға болады. Сирек элементтер уран мен тантал сияқты жаңа өсім көзіне айналуы мүмкін, - дейді Әлібек Тәжібаев.
NVIDIA мен Groq-тің мүддесі
АҚШ-пен арадағы келіссөздердің бір парасы цифрлық даму саласын қамтыды.
- Қазақстан Орталық Азиядағы ең дамыған нарықтық экономика құра білді. Мұны америка бизнесі көріп, біліп отыр. Ал Higgsfield AI жобасы осы аймақтан шығып, АҚШ-та 1 млрд долларға бағаланған алғашқы стартап атанды. Бұл – біздің елдің AI саласындағы әлеуетін айғақтайтын көрсеткіш, - дейді Мирас Жиенбаев.
Оның пайымынша, қазақстандық стартап авторлары мен ІТ-мамандар Groq, NVIDIA компанияларымен арадағы келісімді озық жабдықтарға қол жеткізудің арнасы ретінде пайдалану керек.
- Бұл келісімдер Қазақстанның жасанды интеллект стратегиясын нығайтып, елдің жаһандық инновация бәйгесінде өз орнын алуына мүмкіндік береді, - дейді ол.
Ал Таисия Мармонтова цифрландыру саласындағы келісімдер алдағы үш жылдың көлемінде «жеміс» бере бастайтынын айтады.
- Groq компаниясымен әріптестік Қазақстанның Орталық Азияда цифрлық хаб ретінде орнығу ниетін білдіреді, - дейді сарапшы.
Айта кетейік, Вашингтонда өткен «C5+1 онжылдығы» бизнес конференциясында Қазақстан мен АҚШ арасында 17,2 миллиард долларға жуық қаржыға бағалаған 30 құжатқа қол қойылды.