АҚШ-тың сыртқы саясаты аясында Қазақстандағы уран бағасы төмендеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Сыртқы саяси қысым аясында «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының акциялары құлдырады. 

Уран
Фото: Kazatomprom.kz

Қазақстан қор биржасы (KASE) басқарма төрағасының орынбасары Дана Аманжолованың айтуынша, жыл басынан бері акциялар нарығының капиталдануы 3,4%-ға немесе 1,1 трлн теңгеге төмендеп, KASE тізіміндегі акциялар бағасының құлдырауы есебінен 31,8 трлн теңге (63,1 млрд АҚШ) болды.

— KASE индексі тоқсанды оң динамикамен жапты: өсім осы жылдың басымен салыстырғанда 1,4 пайыз. Өсудің негізгі драйверлері банк секторындағы акциялар болды, атап айтқанда, БЦК пен Халық банкі. Ең көп құлдырау «Қазатомөнеркәсіп», «Kaspi» және «Air Astana » компанияларының акцияларында тіркелді, - деді ол.

KASE клирингтік орталығының басқарма төрағасы Наталья Хорошевская уран бағасының төмендеуіне қатысты түсінік берді. Оның айтуынша, бағаның төмендеуі қазақстандық уранға ғана емес, сонымен қатар әлемдік нарықтардағы жалпы құбылмалылыққа байланысты бірқатар басқа шикізатқа да әсер етті.

— Қазір біз ірі ойыншылардың бірі – Америка Құрама Штаттарының экономикалық саясаты мүлде болжауға болмайтынын көріп отырмыз, сондықтан баға айтарлықтай құбылып тұр. Бірақ бұл қаржы және тауар нарықтары тарихындағы бірінші жоғары құбылмалылық емес. Мұндай болып тұрады, - деді Наталья Хорошевская.

Ол сондай-ақ тек ішкі нарықта жұмыс істейтін және халықаралық биржаларда көрсетілмеген компаниялар сыртқы экономикалық күйзелістерге төзімділік танытатынын атап өтті. Сонымен қатар қызметі экспортпен және халықаралық операциялармен тығыз байланысты компаниялар міндетті түрде жаһандық тәуекелдердің әсеріне тап болатынын жеткізді.

— «Қазатомөнеркәсіп» – отандық өнеркәсіп флагмандарының бірі. Компания уранды шетел нарығына сатады, оның акциялары сыртқы нарықта сатылады, бұл компания IPO-дан өтті, көптеген инвесторы бар. Әрине, мұндай жағдайларда ауыр соққыны осындай компаниялар алады. Бұл жерде компанияның тұрақтылығы немесе оның сапасын ішкі инвесторлардың бағалауы туралы сұрақтар туындауы мүмкін емес. Дүниежүзілік нарық дәл қазір құбылмалы – ол күрт құлдырады және, менің ойымша, күрт көтеріледі. Тиісінше, мұндай компаниялар осындай дауылдарға тап болады, - деп қосты ол.

Өткен жылдың қаржылық есебіне сәйкес, Қазатомөнеркәсіптің кірісі 26 пайызға өсіп, 1,8 трлн теңгеге жетті. Бұл ретте компанияның таза кірісі 95%-ға өсіп, 1,3 трлн теңге болды. Ұлттық уран өндірушінің тұрақты қаржылық жағдайын Fitch халықаралық рейтингтік агенттігі де растады, ол компанияның несиелік рейтингін тұрақты болжаммен ВВВ деңгейінде сақтады.

Еске салайық, бұған дейін Президентке «Қазатомөнеркәсіптің» 2025–2034 жылдарға арналған даму стратегиясы таныстырылған болатын.

Айта кетейік, қор нарығы Трамптың тарифтер туралы мәлімдемесіне реакция білдірді. 

Соңғы жаңалықтар