АҚШ, Украина және Ресей келіссөздері: келесі кездесу 1 ақпанға жоспарланған
АСТАНА. KAZINFORM — Ресей, АҚШ және Украина өкілдері қатысатын келіссөздердің келесі раунды Абу-Дабиде 1 ақпанда жалғасады, деп хабарлайды Reuters.
Агенттік есімін атамауды жөн көрген америкалық шенеуніктің айтуынша, тараптар бұрынғы кездесулерде өзара құрмет көрсетіп, шешім табуға тырысқан. Талқылауда келісімдердің егжей-тегжейлі аспектілері қозғалды және келесі жексенбіге жоспарланған кездесу мәміленің соңғы кезеңіне өтуге бағытталған.
Axios журналисі Барак Равид кездесудің уақытын растады. Ол үшжақты келіссөздің қайта жандануы Мәскеу мен Киев арасындағы диалогтағы ілгерілеушілікті көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, Украина өкілдері консультацияларды оң және сындарлы деп бағалады.
Reuters ақпарат көзі қақтығыстан кейін Украина үшін әзірленетін қауіпсіздік хаттамалары «өте берік» болатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, Абу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ арасындағы үшжақты консультациялардың екінші күні тараптардың ресми мәлімдемелерінсіз аяқталды.