АҚШ Ұлттық гвардиясының сарбазына оқ атқан күдіктінің жеке басы анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — ФТБ қызметкерлері Ұлттық гвардияның екі сарбазына шабуыл жасады деген күдікке ілінген ер адамның есімін анықтады, деп CNN-ге сілтеме жасап, BBC жазды. Құқық қорғау органдарының бірнеше қызметкетері тергеумен таныс екені айтылды.

АҚШ Ұлттық гвардиясының сарбазына оқ атқан күдікті анықталды
Фото: Pixabay.com

Олардың айтуынша, атыс жасаған адамның жеке басы туралы алғашқы ақпарат Вашингтон штатынан келген, 2021 жылдың тамыз айында Ауғанстаннан сол жерге көшіп келген ер адамның жеке басына сәйкес келеді.

Бір дереккөздің хабарлауынша, билік ұсталған адамның саусақ іздерін тексерген, бірақ оның жеке басын растау үшін әлі де жұмыс істеп жатыр.

CBS телекомпаниясы күдіктінің сонымен қатар Ауғанстан тумасы болуы мүмкін екенін хабарлайды. Оның дереккөздерінің мәліметінше, ол 29 жаста.

Трамп Ұлттық гвардия сарбаздарына жасалған шабуылды «лаңкестік акт» деп атады.

Шабуылдан Ұлттық гвардияның екі қызметкері жарақат алды, олардың жағдайы өте ауыр, шабуылдаушы да ауыр жарақат алған.

Трамптың айтуынша, АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі шабуылдаушының АҚШ-қа 2021 жылы Ауғанстаннан келгеніне сенімді (АҚШ БАҚ бұл туралы бұрын дереккөздерге сілтеме жасай отырып хабарлаған).

— Бұл біздің бүкіл халқымызға қарсы қылмыс болды. Бұл — адамзатқа қарсы қылмыс, — деді ол.

Трамп сонымен қатар АҚШ билігі бұрынғы Джо Байден әкімшілігі кезінде Ауғанстаннан елге кірген әрбір адамды тексеруі керек деп мәлімдеп, өзінің алдындағы президентті тағы сынға алды.

Америка көшбасшысы сонымен қатар Пентагон хатшысы Пит Хегсетке Вашингтонға Ұлттық гвардияның қосымша 500 қызметкерін жіберуді тапсырғанын растады.

— Біз Американы қайтадан толықтай қауіпсіз етеміз, — деп қосты ол арнайы қызметтерге алғысын білдіріп.

Еске сала кетсек, Ақ үйдің маңында АҚШ Ұлттық гвардиясының әскери қызметкерлеріне оқ атылған. Полиция күдіктінің ұсталғанын хабарлады.

Соңғы жаңалықтар