Венесуэла шиеленісі: АҚШ-тың ұшақ тасымалдаушы кемелері Кариб теңізі айдынына енді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың бір топ ұшақ тасымалдаушысы Кариб теңізінің айдынына енді, оларды әлемдегі ең ірі және ең жаңа «Джеральд Форд» ұшақ тасушы кемесі бастаған. Бұл туралы АҚШ флотының қолбасшылығы хабарлады, деп жазды ВВС.
Президент Дональд Трамп топты осында жіберу туралы бұйрықты Венесуэладан тарайтын есірткі тасымалына қарсы күрес аясында бергенін мәлімдеді.
Пентагон Трамптың шешімі туралы 24 қазанда хабарлаған. Ол кезде әуе тасымалдаушылар тобы Солтүстік теңізде, Еуропа жағалауында орналасқан еді.
АҚШ флоты мен әскери авиациясы соңғы бірнеше айда Кариб теңізі мен Тынық мұхитында есірткі тасымалдауға қатысы бар делінген шағын кемелерге соққы жасап келеді. Ресми мәліметке сай, осындай 19 операция жүргізіліп, кемінде 76 адам қаза тапқан.
Венесуэла президенті Николас Мадуро мен ел басшылығы АҚШ-тың әрекетін «билікті құлату үшін қолдан дағдарыс тудырып отыр» деп айыптады.
11 қарашада әуе тасымалдаушылар тобы АҚШ-тың Оңтүстік қолбасшылығына қарасты аймаққа, яғни Кариб теңізі мен Латын Америкасын қамтитын өңірге кірді.
«Джеральд Форд» әуе тасымалдаушысында ондаған жойғыш ұшақ орналасқан. Экипаж бен ұшу персоналының жалпы саны 4,5 мыңнан асады. Кемені зымыранды жойғыш кемелер мен өзге де әскери және қолдаушы кемелері бастап жүр.
Пентагон өкілі Шон Парнеллдің айтуынша, әуе тасымалдаушылар тобының Кариб теңізіне келуі АҚШ-қа аймақтағы есірткі тасымалын тиімдірек бақылап, жолын кесуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін де АҚШ Венесуэла маңына біраз әскери күшін шоғырландырған: Пуэрто-Рикода 10 F-35 жойғышы тұр, сондай-ақ аймақта атомдық сүңгуір қайық пен сегіз әскери кеме (үш эсминец, бір крейсер, жағалау күзетінің кемесі және үш десанттық кеме) бар.
Еске сала кетейік, қазан айында АҚШ-тың ең ірі әуе тасымалдағышы Венесуэлаға бағыт алғанын хабарлағанбыз.