АҚШ заңсыз мигранттарды депортациялау үшін мемлекеттік әуе компаниясын құрмақ
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі заңсыз мигранттарды депортациялау, шетел азаматтарының өз еркімен еліне оралуын ұйымдастыру, медициналық эвакуация және төтенше жағдайлар кезінде арнайы рейстерді орындау үшін мемлекеттік әуе тобын құруды жоспарлап отыр.
Bloomberg мәліметінше, ведомство қазір әуе паркін басқаратын, экипаждармен, техникалық қызмет көрсетумен, медициналық персоналмен қамтамасыз ететін әрі тәулік бойы үздіксіз жұмысын ұйымдастыратын мердігер іздеп жатыр.
Талапқа сәйкес, жаңа әуе тобының құрамында жеті Boeing 737-700 немесе соған ұқсас ұшақ, сондай-ақ екі алыс қашықтыққа ұшатын Gulfstream G650ER/C-37B бизнес-джеті болуға тиіс.
Қазіргі уақытта АҚШ-тың Иммиграция және кедендік бақылау қызметі (ICE) негізінен жекеменшік әуе компанияларының чартерлік рейстерін пайдаланады. Ал жаңа құрылым ішкі және халықаралық рейстерді үшінші тарап тасымалдаушыларына жүгінбей-ақ орындауға мүмкіндік береді.
Ішкі қауіпсіздік министрлігі бұған дейін жеке әуе паркінің құрылуы депортациялау рәсімін жеделдетіп, федералдық бюджетке жыл сайын 279 миллион долларға дейін үнемдеуге мүмкіндік беретінін мәлімдеген.
Дереккөздің мәліметінше, АҚШ билігі жаңа әуе тобының орналасуына қатысты бірнеше нұсқаны қарастырып жатыр. Олардың қатарында бір негізгі база құру немесе ірі коммерциялық әуе компаниялары үлгісімен бірнеше әуежайдан тұратын желі қалыптастыру бар.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі иммиграциялық виза берудің уақытша тоқтатылуын түсіндірген еді.