Ақтау әкімдігі инженерлік желілердің үстіне көп қабатты тұрғын үй салуға рұқсат беріп жіберген
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда 27-шағын ауданның тұрғындары астында барлық инженерлік желі өтіп жатқан аядай жерге көп қабатты тұрғын үйдің салынуына қарсы.

Олар бос жатқан аумақты тұрғындар тынығатын, саябаққа айналдыруды көздеп, әкімдіктен рұқсат сұрағандарын айтады. Бірақ, сол кезде әкімдік жердің астында инженерлік желілер бар деп, шығарып салған. Алайда көп ұзамай ұлтарақтай жер телімі жекенің қолына өтіп кетіпті.
— Жерді халықтың игілігіне беру керек. Бермей ме бос жатсын. Үйіміздің айналасында айналатын жер жоқ. Осы жер ғана. Мен әкімдікке бізге көмек керек емес, өзіміз 5-10 теңгемізді жинап, сенбілік жасап, көгалдандырамыз деп рұқсат сұрап барғанмын. Ол жерге ештеңе салуға болмайды деді, — дейді тұрғындардың бірі Жәмиля Бекбосынова.

Қазір тұрғындар аталған аумақты кезекпен күзетіп отыр. Өйткені, кәсіпкер құрылыс жұмыстарына әзірленіп, қоршау сала бастаған.
— Мына жерге ештеңе салмасын. Мына жүрген азаматтар жерді басқа жерден, кең жерден алсын. Жердің астымен жылу құбыры өтіп жатыр, ертең оны зақымдайды. Одан біз жылусыз қаламыз. Онсыз да осы қыста жылуға жарымадық, — дейді Дағыстан Сарғұлов.

Мемлекеттік сәулет құрылыс-бақылау басқармасының бөлім басшысы Қуандық Аманқосұлының айтуынша, жер кәсіпкерге заңды түрде берілген. Ол құрылыс жұмыстарын бастау үшін басқармаға ескерту жіберіпті.
— Қазіргі таңда басшылық құраммен кәсіпкер арасында келссөздер жүргізіліп жатыр. Кәсіпкерді шақырып, мына жерде бір емес, бірнеше адамның жан айқайы бар екені айтылды. Тиісінше қазіргі таңда құрылыс монтаждау жұмыстары тоқтатылды. Яғни, құрылысты салдырмау мақсатында келіссөздер жүргізіліп жатыр, — дейді бөлім басшысы.

Бұған дейін, Ақтауда Каспий теңізінің жағалауынан құстардың өлексесі табылып жатқанын жазған болатынбыз.