Ұшақ апаты: Қаза тапқандардың мәйіті жақын арада Әзербайжанға жіберіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Әуе апатынан мерт болған жандардың мүрдесі Әзербайжанға жөнелтіледі. Бұл туралы аталған елдің Төтенше жағдайлар министрлігі мен Azerbaijan Airlines әуе компаниясының бірлескен хабарламасында айтылған.

ұшақ апаты
Фото: Аягөз Ізбасарова

Қазақстанның Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуе компаниясының апатынан қаза тапқан жолаушылар мен экипаж мүшелерінің денесі жақын арада Әзербайжанға жеткізіледі. 

Сонымен қатар, зардап шеккен жандарды тасымалдауға әуе компанияның арнайы рейсі жоспарланған. Оларды тасымалдау зардап шеккен жандардың денсаулық жағдайы мен дәрігерлердің қорытындысына сәйкес және тасымалдауды жүзеге асыруға мүмкіндік берген жағдайда ғана жүзеге асырылады.

Осыған байланысты Әзербайжан мен Қазақстанның құзырлы мемлекеттік органдары барлық қажетті шараны қабылдап жатыр. 

Бұған дейін еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау қаласы маңындағы әуе апатынан мерт болған отандастарымыздың аты-жөнін жариялады. 

Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев ұшақтың қирандысы арқылы апаттың себеп-салдары анықталатынын айтқан еді.

Айта кетейік, аталған әуе апатынан зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіледі. Ол бойынша қайда хабарласу керектігін сілтемеге өтіп біле аласыз.

Өкінішке қарай, еліміздің Көлік министрі Марат Қарабаев ұшақ бортында болған барлық қазақстандық мерт болғанын хабарлады. 

Соңғы жаңалықтар