Ақтау прокуратурасы үлестік құрылысқа қатысты мәлімдеме жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтау қаласының прокуроры Дауылбай Шелпеков тұрғындарды көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына және үлестік қатысу шарттарымен пәтер сатып алуға қатысты сақ болуға шақырды.

Үлескер болу тәуекелі азайып, үлескер тарту талабы күшейді – жаңа заң
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

Прокуратура мәліметінше, соңғы уақытта Ақтау қаласында көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына байланысты тұрғындардың наразылығы жиілеген. Негізгі мәселелер үлестік құрылыс саласында және аяқталмаған нысандардың жылу, ауыз су мен электр желілеріне қосылмауына қатысты болып отыр.

Прокурорлық қадағалау органы тұрғын үй салуға берілген рұқсат пәтер сатуға рұқсат болып саналмайтынын ескертті. Бұл екі түрлі құқықтық құжат.

- Қолданыстағы «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңға сәйкес, құрылыс жүргізу кезеңінде пәтер сату тек Қазақстан Тұрғын үй Компаниясының немесе әкімдіктің тиісті рұқсаты болған жағдайда ғана заңды. Өзге жағдайларда үлестік негізде пәтер сатуға тыйым салынады, - деді бақылаушы орган өкілі.

Сонымен қатар қала аумағында пайдалануға қабылданбағанына қарамастан, тұрғындар қоныстанып алған көппәтерлі үйлер бар екені атап өтілді. Бұл жағдай үйлерді инженерлік желілерге қосуға кедергі келтіріп отыр.

- Заңнамаға сәйкес, азаматтарды көппәтерлі тұрғын үйге қоныстандыру құрылыс толық аяқталып, пайдалануға қабылдау актісі алынғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Қабылдау актісі жоқ тұрғын үйге қоныстандыру заңсыз саналады және әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін, - деп ескертті прокурор.

Осыған байланысты прокуратура азаматтарға пәтер сатып алмас бұрын тұрғын үйдің заңдылығын әкімдіктен немесе оның ресми ақпарат көздерінен міндетті түрде тексеруге кеңес береді.

Прокуратура заң талаптарының сақталуын қатаң бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, 2026 жылы үлескер ретінде алған пәтерін сатқандардың бір бөлігі салықтан босатылады.

Соңғы жаңалықтар