Ақтауда бір топ жасөспірім 11-сынып оқушысына оқ атып, ауыр жаралады

АҚТАУ. KAZINFORM — Оқиға 17-шағын ауданда көшеде болған. Зардап шеккен баланың айтуынша, ол достарымен кинодан шыққан. Жолда бір топ жасөспірім оның досына тиіскен.

Ақтауда бір топ жасөспірім 11-сынып оқушысына оқ атып, ауыр жаралады
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Оларды ажыратпақ болғанда, біреуі пневматикалық тапаншамен көзіне оқ атқан.

— Олардың ішімдік ішіп алғанын байқадым. Бізге дөрекі сөйлеп, досыма тиісті. Сабырға шақырмақ болдым. Сол кезде бір бала тапаншамен атып жіберді. Оқ сол көзіме тиді. Содан бері көзім мүлде көрмей қалды. Ұшқыш боламын деген арманым көкке ұшті, — дейді жәбірленуші. 

Бұзақылар онысымен қоймай, қан жоса болып жатқан баланың басынан теуіп, ұрып тастаған.

Жасөспірімге бірнеше күрделі ота жасалды. Алайда, көз жанарын қалпына келтіру мүмкін болмапты. Анасы Мадина Рысмағанбетова ұлының ауыр психологиялық соққы алғанын айтады. Сондықтан ол қылмыстық істің әділ тергелуін және кінәлілердің қатаң жазалануын сұрайды.

— Ауруханада балам қайта-қайта көзін сұрай берді. «Мама, көзім қалай?» дейді. МРТ-да оқ бары анықталды. Содан кейін біз полицияға хабарластық. Бірақ әлі күдіктілермен кездестірмеді. Тапаншамен оқ атқандар — 2007 жылы туған колледж студенттері, — дейді жәбірленушінің анасы.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыстық іс бірінші ҚР ҚК 99-бабы бойынша (адам өлтіруге оқталу) тіркеліп, кейін ҚР ҚК 106-бабына — «қасақана ауыр дене жарақатын келтіру» ауыстырылған. Кәмелет жасына толмаған күдіктеге бұлтартпау шарасы ретінде елден шығуға тыйым салынған.

— Қылмыстық іс ҚР ҚК 106-бабы бойынша тергеліп жатыр. Кәмелетке толмаған күдікті анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр, — деді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Бұған дейін, Ақтауда көлік қағып кеткен 2 жасөспірімнің жағдайы ауыр екенін жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар