Ақтауда көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесінде егеуқұйрық қаптап кетті
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтаудағы 12-шағын ауданда орналасқан тоғыз қабатты үйдің тұрғындары егеуқұйрықтардың көбейгеніне шағымданды. Айтуларынша, кеміргіштер жертөледе қаптап кеткен.
— Бір жыл бұрын жүргізілген дератизацияға қарамастан, жағдай жақсармаған, керісінше кеміргіштердің саны күрт артты. Егеуқұйрықтар қауіпті ғой, олар қауіпті жұқпалы ауруларды тасымалдауы мүмкін. Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына алаңдап отырмыз, — дейді тұрғындар.
Аталған жағдайға «Собственник» пәтер иелері кооперативінің төрайымы Ольга Котовник пікір білдірді. Оның айтуынша, үйде егеуқұйрықтар болмауы тиіс, себебі бұған дейін жертөлелерде тиісті өңдеу жұмыстары жүргізілген.
— Жертөлелерге улау жұмыстары жүргізілген, сондықтан егеуқұйрықтар болмауы керек. Тексеру жүргізіледі, — дейді Ольга Котовник.
Бұған дейін Ақтауда теңіз жағалауында егеуқұрықтар қаптап кетіп, улау жұмыстары жүргізілгені хабарланды.