Егеуқұйрықтар қайта шықты: Ақтауда теңіз жағалауында кеміргіштерді улау жұмыстары басталды
АҚТАУ. KAZINFORM – Дератизация жұмыстары «Самал» шағын ауданынан басталып, қаладағы барлық жағалауда жүргізіледі. Оған қоса, Өмірзақ ауылына дейінгі теңіз жағалауын, «Ақтау теңіз-сауда портының» маңын, «Ақ желкен» тұрғын үй массивін және 16, 17, 18, 19, 20-шағын аудандарды да қамту жоспарланған.
Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Айдар Бисеновтың айтуынша, дератизация және дезинсекция жұмыстарын арнайы рұқсаты бар аттестатталған мекеме жүргізіп жатыр.
«Қалада кеміргіштер мен бүргелердің таралауын болдырмау және оларды жою мақсатында дератизация басталды. Бұл жұмыстарды мердігер компания 30 күн бойы жүргізеді. Дератизация жұмыстарын арнайы рұқсаты бар аттестатталған мекеме жасап жатыр. Бұл жұмыстар кезінде мамандар барлық санитарлық және қауіпсіздік нормаларын сақтайды. Ал қала аумағындағы барлық ойын алаңдарында жасалатын дезинсекция жұмыстары 10-17 маусым аралығында сағат таңғы 7:30-9:30-да жүргізіледі», - дейді әкімдік қызметкері.
Дератизация жұмыстарына жауапты мекеме өкілінің айтуынша, адамдар мен жануарларға еш зияны жоқ препарат қолданылып жатыр.
«Дератизация бекітіліген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Қолданылып отырған препарат – «Фипрат ALT». Бұл дератизациялық препарат адам өміріне және жануарларға қауіп төндірмейді. Дератизация жұмыстары 50 км аумақты қамтиды», - деді дератизация жұмыстарын жүргізетін мекеме өкілі Ибатолла Жамбусов.
Айта кетейік, былтыр дәл осы мезгілде Ақтаудағы теңіз жағалауында егеуқұйрықтар көбейіп, тұрғындар мен туристерге қолайсыздық туғызды. Көпшіліктің шағымынан кейін мамандар дереу улау жұмыстарын жүргізіп, 20 шақырымдай аумақ дезинфекцияланды. Мамандар сол кезде егеуқұйрықтың қаптауына, бейберекет жатқан қоқыстар себеп болғанын айтты.