Ақтауда құрылыс компаниясы көпқабатты үй құрылысын заңсыз бастап кеткен

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтауда тиісті құжаттарды рәсімдеместен көпқабатты үй салуға кірісіп кеткен құрылыс компаниясына шара қолданылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Маңғыстау облысының Мемлекеттік сәулет-құрылысын бақылау басқармасы жыл басынан жоспардан тыс 47 тексеру жұмыстарын жүргізген. Олардың барысында құрылыс компаниясы тиісті рұқсатнама құжаттарын рәсімдеместен Приморский тұрғын алабында үй іргетасын орналастыру үшін жер қазу жұмыстарын жүргізгені белгілі болған. Осы мәселеге байланысты құрылыс компаниясына хаттама толтырып, айыппұл салынды. Өз кінәсін толық мойындаған кәсіпкер жер учаскесін бастапқы қалпына келтіруге келісті.

«Құрылысшылар көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізіп болғаннан кейін ғана тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдеуге көшеді. Жүйесіздікке жол берген құрылыс компанияларының бірі - «Global Сonstruction BI» ЖШС. Компанияға әкімшілік жазалау шаралары қабылданды. Сонымен қатар жер учаскесін бастапқы жай-күйіне келтіру туралы нұсқама берілді, - деді қала құрылысын бақылау бөлімінің басшысы Нұрбол Жоланбеков.

«Global construction BI» ЖШС директоры Ерлан Сағиданов хаттамаға сәйкес қайта көму жұмыстарын жүргізіп, жерді бастапқы қалпына келтіретінін айтты.

«Приморский» тұрғын алабы, Майская көшесі, №1 жер телімінде құрылыс нысанының іргетасын қалау үшін қазу жұмыстарын жүргіздік. Алайда 2023 жылы 31 наурызда «Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-нен хат келіп түсті. Хаттамада құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу барысында заңсыздықтар анықталғаны мәлімделген. Хаттамаға сәйкес қайта көму жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шама келгенше жылдамдатуды көздеп отырмыз», - деді Ерлан Сағиданов.


Соңғы жаңалықтар