Ақтауда мұнайды шетелге заңсыз тасымалдаған топтың жұмысы қалай ұйымдастырылғаны белгілі болды
АҚТАУ. KAZINFORM – Шикі мұнайды пеш отыны ретінде теңіз асырған қылмыстық топ мүшелері 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы еркін сауда айналымын пайдаланып, жалған құжаттар жасап, «қара алтынды» кедергісіз шетел асырды.

Ақтау қалалық сотында «Mangystau Oil Refining» ЖШС директоры Рамиз Рамазанов, «Batys Nefte Trade» ЖШС директоры Ренальд Мелкумов, «Standart Petroleum» ЖШС директоры Рафхат Кистаубаев және «Mangystau Oil Refining» ЖШС цехының басшысы Алексей Райгородский және зертхана меңгерушісі Мергенбай Кенжебековке қатысты іс қаралды.
Оларға Қылмыстық кодекстің «Экономикалық контрабанда», «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» баптары бойынша айып тағылды.
Іс материалына сүйенсек, мұнай өнімдері тасымалын кәсіп еткен А.В Бурмистров 2023 жылы заңсыз жолмен аса ірі көлемде табыс табуды ойға алады. Отандық және шетелдік кәсіпкерлермен байланыс орнатып, экономикалық контрабанда сызбасын ойлап табады. Сөйтіп мұнайды «пеш отыны» ретінде тасымалдауды жүзеге асырады. А.В Бурмистров ойға алған арам ісін өз туыстары мен сенімді адамдары атындағы компаниялары, сонымен бірге шағын мұнай өңдеу зауыты арқылы жүзеге асырады. Контрабандаға отандық «Mangystau Oil Refining», «Standart Petroleum», «BatysNefteTrade», «АБ Групп ЛТД», «АБ Флот», «OilTransCorporation», «AB Oil Service», «Қазком» АҚ компанияларымен бірге шетелдік «KAZKOM LTD» и «KAZKOM S.A.» компанияларын қосады.
Шетелдік компаниялар БАӘ-нің Дубай қаласы мен Швейцарияның Женева қаласында тіркелген. А.В Бурмистров дәл осы компанияларда негізгі құрылтайшы болды. Ол қылмыстық топ құрып, құрамына А.Б. Абдурахманов, Р.А. Рамазанов, Р.Э. Мелкумов, Р.Л. Кистаубаев, А.Р. Райгородский және М.А. Кенжебековты қосады. Бәрі де мұнай-газ саласында жұмыс істейді. Әрқайсысына жұмысты бөліп беріп, бағыттап отырады. Сатып алу, өңдеу, сақтау, мұнай экспортын ұйымдастыру, құжаттарды рәсімдеу және салықтан жалтару жолын реттеп, табысты бөлді. Өзгесі тапсырманы орындап, тасымалды үйлестірді, шағын зауытта мұнай өңделгенін шартты түрде рәсімдеп, «пеш отыны» атауымен ЕАЭО шекарасы арқылы экспортқа шығарды.
«BatysNefteTrade» ЖШС-де бензині алынған мұнай экспорттауға заңды рұқсат болмаса да А.В Бурмистров ЕАЭО шекарасы арқылы еркін тасымалдауға мүмкіндік жасады. Баж салығы мен салықтан жалтарып, мұнайды «Сангачал» теңіз портына (Әзірбайжан) бағыттап тасымалдады. Құжатта «SOCAR Marketing and Operations» компаниясы көрсетілгенімен шын мәнінде мұнай «KAZKOM LTD» компаниясына тиесілі болды. Сөйтіп Қазақстан мен Әзербайжан арасы ашық сауда алаңы ретінде қолданылды. 2023 жылдың 28 наурызы мен 20 шілдесі арасында А.В Бурмистров пен қылмыстық топ мүшелері А.Б. Абдурахманов, Р.А.Рамазанов, Р.Э.Мелкумов, Р.Л.Кистаубаев, А.Р.Райгородский және М.А.Кенжебеков құны 1 736 327 784,37 теңге болатын мұнайды тасымалдады. Нәтижесінде 291 018 438 теңге салықтан, 4 29 066 012,43 теңге баж салығынан жалтарды. Бұл қылмыстық істің «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» бабы бойынша эпизоды.
Бурмистров А.В пен қылмыстық топ мүшелері мұнайды тасымалдау кезінде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы еркін сауда айналымын пайдаланды. Сөйтіп құжат бойынша «пеш отыны» деп жазып, мұнай экспортталды. Сот отырысы кезінде Рамазанов, Р.Э. Мелкумов, Р.Л.Кистаубаев, А.Р.Райгородский және М.А.Кенжебеков тағылған айыпты мойындамады, өздерін ақтауды сұрады.
Сот үкімімен «Mangystau Oil Refining» ЖШС директоры Рамиз Рамазанов, «Batys Nefte Trade» ЖШС директоры Ренальд Мелкумов, «Standart Petroleum» ЖШС директоры Рафхат Кистаубаев және «Mangystau Oil Refining» ЖШС цехының басшысы Алексей Райгородский және зертхана меңгерушісі Мергенбай Кенжебеков кінәлі деп танылып, түпкілікті 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
«Meliana» танкері, танкердегі 2153,726 тонна мұнай өнімдері мен дизель отыны, көлемі 922,160 текше метр болатын мұнай өнімі мен дизель отыны, «Mangystau Oil Refining» ЖШС-нің жылжамайтын мүлкі (өндірістік аймақ, жер телімдері мен цех) мемлекет пайдасына тәркіленді. Сонымен бірге Рамиз Рамазанов, Ренальд Мелкумов, Рафхат Кистаубаев, Алексей Райгородский, Мергенбай Кенжебеков бірлесіп 1,1 млрд теңге шығынды төлеуі тиіс. Маңғыстау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің салық шығынын өндіру туралы талап арызы да қанағаттандырылды. Сотталушылар бірігіп департаментке 320 084 450 теңге материалдық шығынды және 3 200 844 теңге баж салығын төлеуі тиіс.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, биыл Ақтау теңіз-сауда портының басшысы ұсталды. Сондай-ақ Маңғыстауда «Кезби» мұнай-сервис компаниясының директоры 10 жылға сотталды.