Ақтауда жарақат алған әскери қызметшінің жағдайы ауыр

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысы Ақтау қаласында әскери оқу-жаттығу кезінде жараланған әскери қызметшіге қажетті көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

аурухана, больница, медицина
Фото: Александр Павский / Kazinform

Ведомствоның мәліметінше, зардап шеккен әскери қызметшілердің бірі Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта науқас дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

— Оған барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Әскери қызметшінің қазіргі жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Мамандар қажетті емдеу шараларын жалғастырып, науқастың денсаулық жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Жағдай Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының бақылауында, — делінген хабарламада.

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Кейінірек әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.

Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.

Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтін болды.