Ақтауда «Жасыл ел» жасағына құжат тапсыру кезінде 5 адам қысылып қалды

АҚТАУ. KAZINFORM — Бүгін Ақтауда «Жасыл ел» жасағына құжат тапсыруға халық өте көп жиналып, 5 адам қысылып қалған. Оларға медициналық көмек қажет болып, дереу жедел-жәрдем шақырылған.

Ақтауда «Жасыл ел» жасағына құжат тапсыру кезінде 5 адам қысылып қалды
Фото: видеодан алынған скрин

Тұрғындар құжат қабылдаудың дұрыс ұйымдастырылмағанына шағымданды.

–Таңғы сағат 6-да келгенімізде кезек тізімі жасалып жатқанын көрдік. Тізімге жазылдық. Кейін екі түрлі тізім бар екені белгілі болып, қайта жазылуға тура келді. Сағат 9-ға қарай кіреберісте адам өте көп жиналды. Ертерек келіп, кезекте тұрғандардың өзі ішке кіре алмады. Құжат қабылдауды онлайн форматта ұйымдастыруға немесе тәртіпті дұрыс қамтамасыз етуге болмай ма? – дейді Ақтау тұрғыны.

Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығының директоры Серік Жомартовтың айтуынша, кезек сақталмай, тұрғындардың бір-біріне қысым көрсетуінен 5 әйел зардап шеккен.

- Халықтың өте көп келуінен, адамдар арасында түсініспеушілік, дау туындап, кезекті сақтамай, бір-біріне қысым көрсетуіне байланысты 5 адам жағдайы нашарлап жедел-жәрдем шақырылды. Көмек көрсетіліп, жағдайлары тұрақталды. Олардың құжаттары қабылданды. «Жасыл ел» еңбек жасағына құжат қабылдау аяқталды. Қазір жағдай тұрақты, - дейді ол.

Бұған дейін, Маңғыстауда ерекше балалар емге кезегін жылдап күтуге мәжбүр екені туралы жазған болатынбыз.