Ақтауда жеткіншек жағажайдағы батпаққа батып кете жаздады

АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтауда жағажайда бала беліне дейін батпаққа батып қалып, оны ересектер құтқарып қалды.

Ақтауда жеткіншек жағажайдағы батпаққа батып кете жаздады
Фото: Видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада бастауыш сынып жасындағы баланың құм мен лай аралас батпаққа белуардан батып кеткені көрінеді.

Оқиға 4А шағын ауданындағы жағалауда болған. Батпақтан шыға алмаған баланы алғашында әйел адам құтқаруға тырысқан. Кейін көмекке ер адам келіп, олар баланы қауіпсіз жерге алып шыққан.

Осы оқиға байланысты қала тұрғындары жағалаудың ластығына, соның салдарынан батпақ пайда болғанын айтып, әлеуметтік желілерде алаңдаушылық білдіріп жатыр.

Ақтау қаласы әкімдігінің мәліметінше, оқиға 2 маусым күні 4А шағын ауданындағы «Бриз» яхта клубы аумағында болған.

– Бұл жағалау аумағы сенімгерлік басқаруға берілген және оған қызмет көрсету мен пайдалану жұмысын «Mangystau Project» ЖШС жүзеге асырады. Қазіргі уақытта жауапты ұйымдарға аталған аумақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ қалпына келтіру және алдын алу жұмысын жүргізу тапсырылған. Жағдай жергілікті атқарушы органдардың бақылауында, – дейді Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, бұған дейін Маңғыстауда 12 жастағы бала қайғылы жағдайда көз жұмды.