Ақтауда зорланған спортшы қыздың ісіне қатысты сот үкімі қашан шығатыны белгілі болды
АҚТАУ. KAZINFORM – Бүгін, 30 қаңтарда Маңғыстау облыстық сотында Әлина Серікованың ісіне қатысты аппеляциялық сот отырысы өтті.

Марқұмның інісі Бауыржан Жолжанның айтуынша, судья ертең таңертең шулы іске нүкте қойылатынын мәлімдеген.

- Бүгін тек қорғаушылар сөйледі. Судья ертең, 31 қаңтарда сағат 9-30 да үкім шығарылатынын жариялады. Біз басты сотталушыны өмір бойы бас бостандығынан айыруды, қалғандарына 15-16 жылдан жаза тағайындауды сұрап, аппеляциялық шағым берген болатынбыз, - дейді Бауыржан Жолжан.
Марқұм Әлина Серікованың отбасын қолдау үшін сот ғимаратының алдына туыстары мен достары, қайғылы оқиғаға бейжай қарамайтын тұрғындар жиналды.

- Сотты қайта-қайта ығыстыра берді. Түсінбей жүрдік. Біресе бір қылмыскердің қорғаушысы келмей қалады, енді бірде қорғаушыдан бас тартады. Бүгін енді барлығы шешілетін шығар деген үмітпен келген едік. Үкім ертең оқылатын болды. Біз әділетті, тиісті жаза берілгенін қалаймыз, - дейді марқұм Әлинаның жеңгесі Әсия Тегісбаева.

Еске салайық, былтыр 18 мамыр күні ақтаулық спортшы Әлина Серікова көп қабатты үйдің тоғызыншы қабатынан құлап, қаза тапқан болатын. 30 жастағы қыздың өзіне қол жұмсауының себебі кейін белгілі болды.
Қайғылы оқиғадан үш күн бұрын, 14 мамыр күні түнде жалғыз келе жатқан Әлина Серікованы 5 ер адам көлікке күштеп отырғызып, ұрып-соғып, алып кеткен. Олар таң атқанша қызды қорлап, зәбір көрсетіп, зорлаған болып шықты.