Ақтауда жоғары қабаттан құлап, мерт болған қыздың неліктен бұл қадамға барғаны белгілі болды

АҚТАУ. KAZINFORM – Қайғылы оқиға былтыр 18 мамырда болған. 30 жастағы спортшы қыз 19-шағын аудан 40-үйдің тоғызыншы қабатынан құлап, мерт болды. Аталған дерекке қатысты полиция суицидке жеткізу бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

суицид,
Фото: UHA/ҚазАқпарат

Қаза тапқан қыздың інісінің айтуынша, әпкесінің өз-өзіне қол жұмсауына жантүршігерлік оқиға себеп болған. 14 мамыр күні түнде жалғыз келе жатқан әпкесін 5 ер адам көлікке күшпен отырғызып, ұрып-соғып, алып кеткен. Олар қыздың көзін байлап, қорлап, жанар-жағар май қою бекетінде ұстаған. 

- Көлікте ер адамдардың бірі апамды қинап, қорқытқан. Сол кезде қалған төртеуі көліктің сыртында тұрған. Апама айтқанымды тыңдамасаң, сені жалаңаштап, сырттағы төртеуіне беріп жіберемін деген. Сосын жалаңаш жатқан видео, фотоларыңды отбасыңа таратамын деп қорқытқан. Артқы жағына банка тығып жатқан ер кісінің видеосын көрсеткен. Қорқытып есірткі иіскетіп, сол жерде көлікте зорлаған, - дейді қыздың інісі.

Қылмыскерлер таңертең қыздың телефоны арқылы 2 миллион теңге несие рәсімдеп, оны базардағы танысы арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып алған. Кейін қызды жіберіп, болған жәйтті біреуге айтсаң, тауып алып өлтіреміз деп қорқытқан. 

Алайда, қыз болған оқиғаны құрбысына айтқан, ал ол қыздың інісіне хабарлаған. Інісі оны қолдайтынын, бірақ полицияға арыздану керегін айтқан. Зардап шеккен қыз келіскендей болған, бірақ бірнеше минуттан кейін құрбысының көзінше терезеден секіріп кеткен. 

Бұл оқиғаға қатысты сотта прокурор бас зорлаушыны өмір бойы бас бостандығынан айыруды, ал қалған төртеуіне 15-16 жылдан сұраған. Олар сегіз бап бойынша кінәлі деп танылды. Алайда судья сот процесінде айыптауларды қайта саралаған. Ол оқиға болғаннан кейін үш күннен соң қыз өзін терезеден лақтырып жіберді деп мәлімдеп, оның өлімі ұрлау, зорлық-зомбылық немесе есірткі қолдануға мәжбүрлеумен байланысты емес деген.

Сондай-ақ, бес қылмыскердің төртеуінің соттылығы болғанына қарамастан, шешім қабылдаған. Нәтижесінде, олар енді 3-4 жылдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыға алады. 

- Бұл іске бесеуі де кінәлі. Қалалық соттың үкімі шықты. Сол үкімде Нұркелді Сейтқалиевке 20 жыл, қалған төртеуіне 7-8 жылдан берді. Ал, прокурор Сейтқалиевті өмір бойы бас бостандығынан айыруды, қалғандарына 15-16 жылдан сұрады. Менің талабым, Сейтқалиев өмір бойы бас бостандығынан айрылып, қалғандары мүмкіндігінше 25 жылдан алса деймін, - дейді марқұм қыздың інісі. 

Қыздың туыстары сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым жазған. Маңғыстау облыстық прокуратурасы да өз кезегінде сот шешімімен келіспеген. Прокуратура қыздың өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша сот үкіміне апелляциялық өтінішхат енгізді.

- 2024 жылғы 19 желтоқсанда Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жәбірленушіге қатысты жасалған қылмыстардың жиынтығы бойынша негізгі фигурантқа 20 жыл, ал оның төрт көмектесушілеріне 7 жылдан 8,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазаларын тағайындады. Өз кезегінде прокурор өзінің жарыссөзінде бас фигурантқа өмір бойына, ал басқа қатысушыларға 15 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Маңғыстау облысының прокурорымен сот жарыссөзінде баяндалған ұстанымға сәйкес сот үкімінің саралау бөлігі мен жаза мөлшеріне келіспегендіктен 2025 жылғы 5 қаңтарда апелляциялық өтінішхат енгізілді. Қазіргі таңда іс апелляциялық сатыда қаралуда, - делінген хабарламада.

Бұған дейін, Павлодар облысында балаларды зорлау оқиғаларының жиілегені туралы жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар