Ақтаулық тұрғын үйінің кіреберісін қазақы нақышта әсемдеп, көпке үлгі көрсетті

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау қаласының тұрғыны Ерсайын Сейітжанның үйінің кіреберісі мұражай секілді.

ұлттық нақыштағы кіреберіс
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Егде жастағы тұрғын қабырғалар мен баспалдақтарға киіз үйдің керегесі мен шаңырағын салып, айналасын қошқар мүйіз оюымен безендіріп қойған. Ондағы мақсаты — ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып, тазалық сақтау.

ұлттық нақыштағы кіреберіс
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

— Көп қабатты үйлерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жасала бермейді. Сондықтан мен қабырғаларды жаңартып, сырлай отырып подъезге текемет түрінде сурет салдым. Болашақта балаларға өнеге болсын деймін. Кіреберістің таза болғаны өзімізге жақсы. Жастар осыдан үлгі алса екен, — дейді ол.

Ерсайын Сейітжан бос уақытында сурет салғанды ұнатады. Ол бес қабатты үйдің кіреберісін безендірместен бұрын, оның жобасын әзірлеп алған. Содан соң суретті екі апта салған. Ал жұбайы терезеге жапқыш іліп, кіреберісті одан бетер әсемдепті.

ұлттық нақыштағы кіреберіс
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Ерсайын Сейітжанның немересі, төртінші сынып оқушысы Сұлуым атасына көмекші. Ол түрлі-түсті сырды езіп, қабырғаға трафареттің көмегімен сурет салуға жәрдемдескен. Оқушының айтуынша, қонақтар қазақы нақышта безендірілген кіреберісте селфи жасағанды ұнатады.

ұлттық нақыштағы кіреберіс
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

— Біздің үйге қонақ көп келеді. Олар суреттерді көріп, таң қалады. Кім салды дегенде атам екеуміз салдық деп мақтанып айтамын, — дейді оқушы. 

Бұған дейін, Ақтауда 250-ге жуық үлескер баспанаға қол жеткізе алмай жүргені туралы жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар