Ақтауда 250-ге жуық үлескер баспанаға қол жеткізе алмай жүр
АҚТАУ. KAZINFORM — Тұрғындар «Айсар» құрылыс компаниясына тиесілі «Ақ босаға» тұрғын үйінен баспана алу үшін қаражаттарын толық төлеп қойған.

Айтуларынша тұрғын үй 2023-ші жылы тапсырылуы тиіс еді. Алайда, әлі құрылысы аяқталмаған. Тұрғындар пәтер жалдап, қиналып жүргендерін айтады.

— Бізге уақыт бер деді, бердік. Одан бері де 2023, 2024 өтіп кетті. 2025-ке келдік. Бұл қашан бітетін үй? Әр жерде үй жалдап, қаңғырып жүрміз. Мен өзім жалғыз үйімді сатып, ақшасын осыған салдым, — дейді үлескерлердің бірі Балкенше Сүйіндік.

Екі жылға жуық әр жерде пәтер жалдап сенделген жұрт құрылыс басына жиналды. Алайда, жауапты компания басшылығы төбе көрсетпеді.
— Біз өтіріктен шаршадық. Пәтер жалдап, қарайған бала-шағамызбен жүре беремізбе сонда? Қашан бітеді? Бұл өтіріктің арты қашан аяқталады? Менің талабым — үйімізді тезірек бітіріп берсін. Наурыз айында кілтін берсін, — дейді үлескер Жұмабибі Құттығұлова.

Маңғыстау облыстық сәулет, құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, аталған тұрғын үйдің құрылысқа қатысты құжаттары рәсімделген бірақ, шикілік бар. Сол үшін кәсіпкерге бірнеше рет ескерту жасалған.
— Ертең бітірген жағдайда да құрылысты тапсыру қиын болады. Тұрғындардың мәселесі бойынша кәсіпкермен жеке тұрғынның арасында келісімшарт бар. Біз кәсіпкерге мына уақытта тапсыр деп міндеттей алмаймыз. Сондықтан тұрғындар азаматтық тұрғыда сот органдарына шағымдану арқылы қаржысын өндіре алады немесе құрылыстың аяқталғанын күтеді, — дейді Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет, құрылыс бақылау басқармасы қала құрылысын бақылау бөлімінің басшысы Қуандық Аманқосұлы.

Басқарманың дерегінше, бүгінде Маңғыстауда 30 заңсыз құрылыс бар. Оның барлығы да тұрғын үй құрылыстары. Оларға 3500-ге жуық тұрғын қаржы төлеп қойған.
Бұған дейін, Ақтауда бір топ ата-ананың алаяққа алданып қалғаны туралы жазған болатынбыз.