Ақтаулықтар өздері таңдайтын автонөмірлер үшін ұзын-сонар кезекке тұрды
АҚТАУ. KAZINFORM – Қазақстандықтарға көлігінің мемлекеттік нөміріне әріптік және цифрлық белгілерді таңдау мүмкіндігі берілді. Осыған орай, бүгін 5-қаңтардан бастап, тұрғындар таңсәріден халыққа қызмет көрсету орталықтарына жаппай ағылған.
Ақтау қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында адамның көп болғаны сонша, кезек тіпті көшеге дейін жалғасқан.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы расында да таңертең адам біраз жиналғанын, бірақ қазір бәрі қалыпты жағдайда екенін жеткізді.
Дәл осындай жағдай Ақтөбе, Қызылорда және басқа қалаларда да байқалған. Халық өздеріне ұнайтын нөмірлер үшін жаппай келіп жатыр.
Бұған дейін, ҚР Ішкі істер министрлігі 5 қаңтардан бастап қазақстандықтар көлік нөмірін өздері еркін таңдай алатынын хабарлаған болатын.
Министрліктің мәліметінше, енді жүргізушілер арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қажетті әріптік және цифрлық белгілері бар мемлекеттік нөмірді таңдау мүмкіндігіне ие болады.
- Кез келген қажетті әріптік және цифрлық белгілері бар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің құны 10 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) 15 АЕК-ке дейін болады, – деп хабарлады ІІМ.
Алайда бұл мүмкіндік жоғары сұранысқа ие, ерекше санаттағы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілеріне қолданылмайды. Мұндай нөмірлер бұрынғы тәртіппен, бөлек талаптар мен тарифтер арқылы беріледі.
Жаңа ереже көлік иелеріне ыңғайлы жағдай жасап, қызмет көрсету процесін жеңілдетуге бағытталған.