Ақтаулық өнер мектебінің шәкірттері Италиядағы байқаудан жүлделі оралды

Аталмыш өнер сайысына әлемнің бірнеше елінен дарынды өнерпаздар бақ сынасты.
Маңғыстаулық аталмыш өнер мектебінің шәкірттері шетелдік байқауларға үнемі қатысып жүр. Бұл жолы олар Италияның Верона және Венеция қалаларындағы шараларға қатысып, «Лагуна әуені» фестивалінде өнер көрсетті. Фестиваль аясында олар классикалық музыканы насихаттап қана қоймай, белгілі өнер адамдарынан сабақ алып, білімдерін жетілдіріп қайтты. Сонымен қатар жас өнерпаздар Нарни қаласындағы халықаралық байқауда өз күштерін сынап көрді. Әлемдік деңгейде өткен өнер сайысында қазақстандық өрендер талғамы биік итальяндық көрермендерді тамсандырды. Байқаудан жас өнерпаздар Нұркен Ақбергенов (виолончель) пен Ұлпан Шаншархан (скрипка) жүлделі ІІ орынмен оралса, Жәния Зинабдин (скрипка ) жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ жас скрипкашылар Нұрай Несіпбай мен Медина Ниязбекова дипломант атанды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен.