Активтерді қайтару қалай жүзеге асырылады: Мәжіліс құжатты мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасы мен ілеспе құжаттар бірінші оқылымда мақұлданды.
None

Заң жобасы аясында Арнайы уәкілетті орган мен комиссия құрылады, заңды және жеке тұлғалардың жабық реестрі жасалынып, мемлекеттік қор жасақталады.

«Заң жобасында арнаулы мемлекеттік қор мен басқарушы компанияның қызметі регламенттелген. Арнайы мемлекеттік қор – қайтарылған активтерді жинақтау және өткізу үшін қазынашылық органдарында ашылған Үкіметтің қолма-қол ақшасын бақылау шоты. Басқарушы компанияның міндеті - мемлекет атынан өзіне қайтарылған активтерді меншікке қабылдау мен заңды басқару, қаражатты арнайы мемлекеттік қорға аударуды қамтамасыз ету», - деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Заң жобасын іске асыру үшін түзетулерді көздейтін төрт ілеспе құжат әзірленді.

Активтерді қайтаруға бағытталған шаралар жеке тұлғалармен тығыз байланыста болған, заңсыз сыбайластық орнатқан өзге тұлғаларға да қолданылады.

«Мәселен, жақын туыстары, таныстары, көлік жүргізушісі, қызметшісі және олардың мүлкіне номиналды иелік ететін адамдар жатады. Осы ретте аталған заң жобасы ірі сыбайлас жемқорлыққа және республикалық, жергілікті деңгейдегі әкімшілік-билікпен біте қайнасқан олигополиялық топтарға қарсы пәрменді шаралар енгізеді», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Құжатта шет елдердегі активтерді қайтару бойынша жұмысты заң аясында жүргізу тетіктері қарастырылған.

Заң жобасында активтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі тәртібі көзделген. Біріншіден, ерікті түрде қайтару – өздеріне тиесілі мүлікті мемлекетке өтеусіз беру жолымен жүзеге асырылады. Екіншіден, соттардың шешімдері негізінде қылмыстық процесс аясында заңсыз алынған активтерді тәркілеу қарастырылып отыр.

Заң жобасында азаматтық процесс аясында тәркілеудің мынадай алгоритмі ескерілген:

Бірінші. Егер мониторинг және ақпаратты талдау қорытындылары бойынша құны 100 млн АҚШ долларынан асатын активті сатып алудың заңдылығына байланысты күмән болса, уәкілетті орган субъектіні және оның үлестес тұлғаларын реестрге енгізу мәселесін комиссияның қарауына шығарады.

Екінші. Материалдарды қарау қорытындылары бойынша комиссия адамды реестрге енгізу немесе қоспау туралы ұсыныс береді.

Үшінші. Уәкілетті орган реестрге енген азаматтарға олардың активтері туралы декларацияны тапсыру құқығының бар екенін жеткізеді. Декларацияларды тексереді және тексеру нәтижелерін Комиссияның қарауына шығарады. Соның нәтижесінде, комиссия одан әрі шаралар қабылдау туралы ұсынымдар шығарады.

«Егер адам декларацияны тапсыру арқылы өз активтерін қайдан алғанын растай алмаса немесе декларацияны табыс етпесе, мұндай активтер негізсіз байлық ретінде танылып, мемлекет кірісіне қайтарылуы мүмкін. Адамдардың құқығын қорғауға, ашық процеске кепілдік беру және азаматтық қоғам жағынан бақылауды қамтамасыз ету мақсатында заң жобасында тиісті қадамдар ескерілген. Бұл тұрғыда адамдардың жабық реестрі жасалады, себебі бұл бағытта репутациялық мәселелер бар. Сонымен қатар, аталған комиссияның мәселені алқалы тәртіпте қарауы ескерілген. Комиссияға депутаттар мен қоғам белсенділері мүше бола алады. Атап айтқанда, адал сатып алушылар мен адал кредиторлардың құқықтары қорғалады. Жалпы, барлық сатыларда сотқа шағымдану мүмкіндігі бар, сондай-ақ келісім талаптарын орындаған адамдар үшін кепілдіктер беріледі», - деді Елнұр Бейсенбаев.


Соңғы жаңалықтар