Ақтөбе әкімдігі қаладан жағымсыз иіс шықпауы үшін 275 млн теңге жұмсайды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қазіргі кезде мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталды. Мердігер жыл ішінде кәріз құдықтарына техникалық қызмет көрсетуі тиіс. 

Ақтөбе әкімдігі қаладан жағымсыз иіс шықпауы үшін 275 млн теңге жұмсайды
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жағымсыз иістің деңгейін төмендету үшін конкурс жариялады. Талап бойынша мердігер препарат енгізіп, кәріз және соған ұқсас жүйеге, жабдықтарға техникалық қызмет көрсетуі тиіс. Соның ішінде кәріз құдықтарын, коллекторларды, кәріз сорғы станциялары мен кәріз тазарту құрылыстарына жауапты болады. 

Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сүйенсек, ол үшін жергілікті әкімдік 279 млн теңге бөлуді жөн көрді. Мердігер кем дегенде айына бір рет аккредиттелген зертханаға жүгініп, қалалық кәріз жүйесінің сарқынды суындағы күкіртті сутегінің концентрациясын бақылауы шарт. Сонымен бірге арнайы препараттарды енгізіп, иістің алдын алады. Жеңімпаз ретінде «Сервис- CNEK» ЖШС танылды. Бұл жұмысқа мердігер 275 млн теңге ұсынып отыр. 

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында жаз айларында жағымсыз иіс шығып, тұрғындар жиі шағым айтады. Былтыр экологтер қала маңынан құстың саңғырығын анықтады. Сонымен бірге Ақтөбедегі кәріз-сорғы стансасының тозу көрсеткіші 70%-ға жетіп тұр. Станса құрылысы 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Жоба құны құны – 53,5 млрд теңге.