Ақтөбе әуежайы энергетикалық жабдықтарды пайдалану талабын сақтамағаны үшін айыппұл төлейді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Әуежай әкімшілігі бұзушылықты биыл тамыз айына дейін жоюы тиіс. Тексеруден соң 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

ы
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаменті өңірдегі энергетика субьектілерінің жұмысын тексереді. Бұл жолы «Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайға» АҚ-ндағы электр энергетикасы саласындағы заңнама талаптарының сақталуын назарға алды.

- Тексеру нәтижесінде энергетикалық жабдықтарды пайдалану талаптарына қатысты бұзушылықтар анықталды. Бұзушылықтарды биыл тамыз айына дейін жою жөнінде нұсқама берілді. Тексеру қорытындысы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 300-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапқа тартылып, 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды,- деп хабарлады Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаменті.

Айта кетейік, департамент мамандары өңірге электр қуатын таратып отырған «Энергосистема» ЖШС, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ы филианың магистрлік электр желілер бөлімі, «Aqtobe su-energy group» АҚ, «Батыс транзит» АҚ, «КЕGОС» АҚ Ақтөбе электр желілер филиалы, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Ә. Молдағұлова атындағы әуежай» АҚ-ның жұмысын үнемі бақылап отырады. Тексеру де жыл сайын жоспарлы жүргізіледі