«Ақтөбе» бүгін Еуропа лигасының іріктеу сатысындағы алғашқы ойынын өткізеді
АСТАНА. KAZINFORM – «Ақтөбе» футбол командасы UEFA Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Польшаның «Легия» (Варшава) командасымен кездеседі.

Ойын қазақстандық уақытпен 00:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
«Легия» командасы 1916 жылы құрылған. Өз елінде 15 рет чемпиондық атаққа қол жеткізген. Бұған дейін варшавалық клуб ішкі біріншілікте 2021 жылы алтын медальға ие болды. Биыл Польша кубогының иегері атанды және Конференция лигасының 1/4 финалына дейін жетті.
«Легия» қазақстандық клубтармен екі мәрте еурокубок ойындарында бақ сынады. Алдымен 2014 жылы Еуропа лигасы плей-офф сатысында «Ақтөбені» (1:0, 2:0) қапы қалдырса, одан кейін 2023 жылы Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңінде Шымкенттің «Ордабасы» клубын (2:2, 3:2) жарыстан шығарды.
Еске салсақ, бұдан бұрын алматылық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Словенияның «Олимпия» клубымен 1:1 есебімен тең түсті.
Айта кетсек, аталған турнирде шымкенттік «Ордабасы» футбол командасы UEFA Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңінде бүгін Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) командасымен кім мықтыны анықтайды.
Ал елордалық «Астана» аталған турнирді екінші іріктеу кезеңінен бастайды.