«Ақтөбе» футбол клубының иесі анықталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Футбол клубының иесі - «Qazaq Stroy» компаниясының басшысы, құрылтайшысы Нұрлан Артықбаев. Клубтың баланстық құны - 200 млн теңге.

Футбол
Фото: Goal.kz

«Ақтөбе» футбол клубының жаңа иесі туралы нақты ақпарат бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде айтылды. Клубқа ақтөбелік жанкүйер, кәсіпкер иелік етті. Құжат бірер айда толық рәсімделеді.

- Жекешелендіру - тікелей Президент тапсырмасы. Бюджеттен қаржы бөлінбейді, еліміздің қалталы азаматтары алып, клубты жетілдіреді. Клубқа қызығушылық танылып, өз үлесін қосамын деген кәсіпкер анықталды. Ол - «Qazaq Stroy» компаниясының басшысы, құрылтайшысы Нұрлан Артықбаев. Ақтөбелік, кішкентай кезде «Ақтөбе» футбол клубына жанкүйер болып, ата-анасымен стадионға барған. Ол сол кезде болашақта мүмкіндік болса, үлес қосамын деп армандаған. Өзі хабарласып, Президенттің тапсырмасын жүзеге асыруға дайын екенін білдірді. Енді бір-екі айдың көлемінде құжатты толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Енді қалай болатынын, клубқа қанша бөлінетінін кәсіпкердің командасы айтады. Әрине біз тыс қалмаймыз, қажетті инфрақұрылым, соның ішінде балалар, жасөспірімдер футболы басты назарда болады. Балалар өскенде үлкен спортқа қадамын осы кәсіпкермен бірге жүзеге асырады, - деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Өңір басшысының айтуынша, бағалау жұмыстары жүргізілді. Клубтың баланстық құны — 200 млн теңге. Сонымен бірге 35 мың орындық стадион құрылысы туралы да ақпарат берді. 

— Стадион құрылысы кезінде ФИФА талаптарын орындау оңай емес. Қомақты қаржыны талап етеді. 

«Қанша орындық саламыз» деген кезде біз Еурокубок пен жергілікті чемпионаттағы сұранысқа сүйендік. Алғашқысына 160 мың, кейінгісіне сұраныс 50-55 мыңға дейін жетеді. Сондықтан 35 мың орындық стадион салуға бет бұрдық. Құрылысшылардың айтуынша, екі жылда жүзеге асыруға болады, — деді Асхат Шахаров. 

Айта кетейік, Қызылорда футбол клубы жеке меншікке өтті

Соңғы жаңалықтар