Ақтөбе қаласында құрбан шалуға арналған 4 орын белгіленді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Құрбан шалатын 4 орын қаланың әр бөлігінде орналасқан. Сонымен бірге онлайн тапсырыс берген адамдардың аманатын тарату жұмысын мешіттер ұйымдастырады.

Ақтөбе қаласы бойынша құнбан шалу мал базары мен арнайы мал сою орындарында өтеді.
Мекенжайы:
1. Мал базарында орналасқан «Есік» ЖШС-і мен «Молдабеков» ЖК аумағы.
2. 41-разъездегі «Айбек» АШӨК аумағы.
3. Жаңақоныс тұрғын алабындағы 640 учаскеде орналасқан «Қасымов и К» ЖК алаңы.
4. Рауан тұрғын алабындағы «Жібек жол» базар аумағы.
Ақтөбеде онлайн тапсырыс қабылданады. Дегенмен соңғы кезде адамдар өздері барып, мал таңдап, етін таратады.
– «Ақтөбе құрбан-2025» онлайн тапсырыс қабылдау тетігі ашылды. Онда қой, ешкі, сиырға тапсырыс беруге болады. Түйе көп емес, сондықтан тапсырыс жоқ. Құрбан шалу кезінде видеоға түсіріліп, жіберіледі. Қазір мұндай тапсырыс аз. Тапсырысты көбіне өзге өңірде жүрген кәсіпкерлер береді және мұқтаждарға таратуымызды сұрайды. Қазір мұқтаж адамдар тізімі жасалып жатыр. Жеткенінше таратамыз, - деді Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев.
Оның айтуынша, құрбан шалатын орындарға мұқтаж адамдарды жинамайды, тек мекенжайы бойынша жеткізеді.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет және қайырымдылық» қоры Құрбан айт мерекесі кезінде еліміз бойынша құрбан шалуға арналған арнайы орындардың тізімін ұсынды.