Ақтөбе қаласында құрылысы аяқталмаған 8 тұрғын үй қаңырап бос тұр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Бос тұрған үй иелері мүлікті банкке кепілге қойған, іс сотта. Ал апатты деп танылып, тұрғындары көшірілген бір үй жыл соңына дейін сүріледі.
Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2021–2025 жылдар аралығында апатты деп танылған 10 тұрғын үй сатып алынды. Ал олардың тұрғындарына өтемақы төленді.
— Бұл үйлер ұзақ уақыт бойы бос тұрған болатын. Бүгінгі таңда олардың 9-ы сүрілді, қалған 1 үйді жыл соңына дейін бұзу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қала аумағында құрылысы аяқталмаған 8 тұрғын үй бос тұр. Бәрі жеке. Бұл нысандардың заңды меншік иелері бар. Меншік иелерінің мәліметінше, сот процестері мен мүліктің банкке кепілге қойылуы сияқты құқықтық мәселелерге байланысты құрылысты аяқтауға немесе нысандарды демонтаждауға мүмкіндік ала алмай отыр. Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі аталған нысандардың меншік иелеріне аумақты қоршау жөнінде талап қойды. Сонымен қатар, бұл нысандар бойынша ақпарат құқық қорғау органдарына, оның ішінде полиция мен прокуратураға жолданып, мәселе олардың бақылауына алынды, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе прокуратурасы қаңырап бос тұрған ғимараттарды қоршауды міндеттеді. Алғашқы кезде прокурорлар 26 нысанды анықтаған.