Ақтөбе қаласының ортасымен ағатын Сазды өзенінде балық қырылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Инспекция мамандары 20 келі балық жинады. Балық сынамасы талдауға жіберілді.

Ақтөбе қаласының ортасымен ағатын Сазды өзенінде балық қырылды
Фото: Алтынай Сағындықова\ Kazinform

Ақтөбе қаласының ортасымен ағатын Сазды өзенінде қазір су тартылып қалған. Кей тұсында судың табаны көрініп жатыр.

Ақтөбе қаласының ортасымен ағатын Сазды өзенінде балық қырылды
Фото: Алтынай Сағындықова\ Kazinform

— Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері өзенге барып, алабұға мен табан балығының шабағын жинады. Салмағы — 20 келі. Балық пен судан сынама алынып, зертханаға жіберілді. Зертханалық талдаудан соң балықтың қырылу себебі анықталады, — деп хабарлады Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы.

Ақтөбе қаласының ортасымен ағатын Сазды өзенінде балық қырылды
Фото: Алтынай Сағындықова\ Kazinform

Ақтөбе қаласының әкімдігі болса су тасқыны кезеңінің аяқталуын күтіп отыр.

— Биыл су таяз болды. Аз су мұз болып қатқанда астында балық өлуі мүмкін немесе өлген балықты су ағызып әкелген. Инспекция мамандары келіп, қырылған балықты жинап кетті. Негізі көктемгі су тасқыны кезеңінде бұл жерден су жүреді деп күтіп отырмыз. Содан соң шылау, қоқыстан тазаланады, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Ақтөбе қаласының ортасымен ағатын Сазды өзенінде балық қырылды
Фото: Алтынай Сағындықова\ Kazinform

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Батыс Қазақстанда Сарыайдын көлінде балық қырылып қалды. Себебі, мұз өте қалың болды, өзенде 70-80 сантиметрге дейін барды.