Ақтөбе, Қызылорда және Жетісу облыстарында жол қозғалысы уақытша шектелді
АСТАНА. KAZINFORM – 29 желтоқсан күні сағат 19:30-дан бастап ауа райының бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар бірқатар автожолдарда жүк және қоғамдық көлік түрлерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.
Ақтөбе облысында «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» автомобиль жолының 776-1240 шақырым аралығындағы учаскесінде, яғни «ЭКО ойл» жанармай құю станциясынан Қызылорда облысының шекарасына дейін қозғалыс шектеледі.
Қызылорда облысында аталған автожолдың 1240-1362 шақырым аралығында, Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейін жүк және қоғамдық көлік қозғалысына уақытша тыйым салынады.
Жол қозғалысын 2025 жылғы 30 желтоқсан сағат 08:00-де қайта ашу жоспарланған.
Сонымен қатар 2025 жылғы 29 желтоқсан сағат 18:00-дегі жағдай бойынша ауа райының қолайсыздығына байланысты Жетісу облысында республикалық маңызы бар бір автожолда көлік қозғалысына шектеу қойылған. Атап айтқанда, «Үшарал – Достық» автожолының 84-164 шақырым аралығында, Көктұма ауылы мен Достық станциясы бағытында қозғалыс уақытша тоқтатылған.
- Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автожолдарды күтіп-ұстау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 765 арнайы техника жұмылдырылған, - деп жазды ҚазАвтоЖолдан.
Жолдағы ахуал туралы қосымша ақпаратты тәулік бойы 1403 байланыс орталығына хабарласу арқылы алуға болады.
Айта кетейік, ақмолалық полицейлер жолда қалған шетелдіктерге дер кезінде көмек көрсетті.