Ақтөбе облысы әкімдігінің қызметкерлері ертең онлайн жұмыс істеуі мүмкін

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Оқиға орнында облыс әкімі Асхат Шахаров жүр. Ол ертең жұмыс қашықтан ұйымдастырылуы мүмкін екенін айтты.

Асхат Шахаров
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Қазіргі уақытта әкімдік ғимараты шатырындағы өрт оқшауланып, бықсып жатыр. Аумақ әлі де толық қоршауға алынып, орталықтағы Әбілқайыр хан даңғылының бір бөлігі уақытша жабық тұр.

- Жалпы айтқанда ғимаратқа ешқандай қауіп жоқ. Сағат 17:30-да жұмыс аяқталады әкімдікте. Жұмыс күні біткен соң әкімдікте тек қауіпсіздік қызметкерлері болады. Барлық жерде камера бар. Өрт қою туралы айтар болсам, ол байқалмайды. Тергеу комиссиясы бекітіліп, қазір жұмыс істеп жатыр. Болжам да айта алмаймыз. Бұған дейін де өрт сөндіру бойынша ғимараттың сәйкестігін қарады әрине. Оның алдында ешқандай мәселе болмады. Мен түні бойы осында боламын. Төтенше жағдайлар департаменті рұқсат берсе, ертең қалыпты жұмыс істей береміз. Ол туралы таңертең белгілі болады. Талай қиындықтан өттік. Егер сондай болса, онлайн жұмыс істейді,- деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Оның айтуынша, әкімдікте құнды қағаздар бар. Бірақ облыс әкімі оған қатысты ақпарат таратпады.

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнына полиция мен Ұлттық ұланның 200 қызметкері жұмылдырылды.

Еске салсақ, Ақтөбеде әкімдік ғимаратының алдына жедел штаб құрылды. Өрт сағат шамамен сағат 20:28-да болды. Бір сағаттан соң оқшауланды.

 

 

Соңғы жаңалықтар