Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақтөбеде үйлену тойының кортежі үшін жүргізушілер жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе облысында үйлену тойына арналған автокөліктер кортежінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілер жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылықтар әлеуметтік желідегі бейнежазбадан анықталған.

Ақтөбе облысында қауіпті той кортежіне қатысқандар жауапқа тартылды
Фото: Polisia.kz

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында үйлену тойының кортежі түсірілген бейнематериалға назар аударған. Кадрларда жолаушылардың көлік терезелерінен денелерін шығарғаны, кей жүргізушілердің рөлде келе жатып ұялы телефон пайдаланғаны және қауіпсіздік белдігін тақпағаны көрінеді.

Полицияның мәліметінше, мұндай әрекеттер жол қозғалысының басқа қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.

Бейнежазбаны зерделеген Мұғалжар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері кортежге қатысқан барлық көлік жүргізушілері мен жолаушыларды анықтады. Құқық бұзушылық жасаған азаматтардың барлығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар көліктердің бірі арнайы тұраққа қойылды.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, көлік басқару кезінде ұялы телефон қолданбауға және қауіпсіздік белдігін тағуға үндеді.

Ведомство жолаушылар да қауіпсіздік талаптарын сақтап, өз әрекеттерімен жолдағы басқа азаматтарға қауіп төндірмеуі керек екенін ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Жезқазғанда жол ережесін бұзып, той кортежін ұйымдастырғандар жауапқа тартылғанын хабарлағанбыз.