Ақтөбе облысында тағы 2 шекара бөлімшесі салынуы мүмкін
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Бірі Әйтеке би ауданы «Әйке», екіншісі Мәртөк ауданы «Қиялы» бөлімшесі. Жоба келесі айда мемлекеттік сараптамаға жіберіледі.
Ақтөбе облысының Ресеймен арадағы шекарасында қазір «Жайсаң» және «Әлімбет» шекара бекеттері жұмыс істеп тұр. Соның ішінде былтыр «Әлімбет» шекара бекетінде жөндеу жұмысы басталды. Құрылыс 16 айға жоспарланған, биыл бітуі тиіс.

— Қайта жаңғырту жұмысы кезінде шекара бекетін уақытша жабу жоспары болды. Бірақ «Жайсаң» шекара бекетіндегі жағдайға байланысты айналма жол жасалды. Мұндағы өткізу пункті уақытша көшірілді. Қазір екі арадағы қозғалыста ешқандай шектеу жоқ. Ал ескі ғимарат толық бұзылып, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Биыл жұмыс аяқталады. Құрылыс басында 36 адам жұмыс істеп жатыр. «Әлімбет» өткізу пунктін қайта жаңғырту кезінде Қарғалы ауданы әкімдігі 10 га жер бөлді. Одан бөлек жоба кезінде тұраққа арналған қосымша жолақ салынады. Бұл кезек кезінде күтуге ыңғайлы. Негізгі жолақ саны — 6, — деді «ҚазАвтоЖол» АҚ АФО директоры Айбол Данағұл.

Ақтөбе облысында тағы 2 шекара бөлімшесі салынуы мүмкін. Қазіргі кезде «Семипалатинск Гражданпроект» мекемесі жобалау жұмысын жүргізіп жатыр. Жоба сәуір айында мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Жобаның болжамды құны — 1 млрд теңге.
Еске салсақ, Ақтөбенің «Жайсаң» шекара бекетінде жазда да, қыста да ұзын-сонар кезек түзіледі. Мамандар Ресей тарапындағы «Сағыршын» шекара бекетінің өткізу жолағы аз болғандықтан осындай проблема туындайтынын айтты.