Ақтөбе облысы әкімдігі ҚХР-мен білім беру және денсаулық сақтау салаларында ынтымақтастықты дамытуда
АҚТӨБЕ. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбе облысының әкімдігі Қытай Халық Республикасымен денсаулық сақтау және білім беру салаларында жоспарлы ынтымақтастықты дамытуда,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Атап айтқанда, өткен аптада ҚХР-дың Қазақстандағы Елшілігінің мәдениет жөніндегі бірінші хатшысы Ли Чжи бастаған делегация Ақтөбеде болды. Сапар барысында Ақтөбе педагогикалық институтымен келесі оқу жылынан бастап жоғары оқу орны базасында ҚХР-дың Шыңжаң экономика және қаржы университетінің «Конфуций институтын» ашу туралы ниет хаттамасына қол қойылды. Сондай-ақ қытай делегациясы қытай тілі оқытылатын С.Бәйішев атындағы университетпен де ынтымақтасуға ниет білдірді. Облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Жұмагүл Бисеналинаның айтуынша, қазір осы ынтымақтастықтың жай-жапсары ҚР Білім және ғылым министрлігі деңгейінде пысықталуда. «Бұл ынтымақтастықтың бастауы биылғы жылы қаңтарда облысқа Қытай елшілігінің өкілі келгенде қаланған болатын. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовпен кездесуде ҚХР әсіресе білім беру және денсаулық сақтау салаларында ынтымақтасу ниетін білдірді. Бұдан басқа Ақтөбеде Қытай медицинасы орталығын ашу мәселесі талқыланды», - дейді Ж.Бисеналина.
Биылғы көктемде ақтөбелік тараптың білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіне танысу сапарымен барып қайтпақ.