Ақтөбе прокуратурасы мектеп-интернаттағы бала ұру дерегін бақылауға алды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік қоғам белсендісі Алима Абдирова әлеуметтік желідегі парақшасына Жайсаң арнаулы мектеп-интернатының тәрбиеленушісі соққығы жығылды деп ақпарат таратты. Қазір бұл істің тергеу жұмыстарын прокуратура бақылауына алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ақтөбе қаласының тұрғыны, қоғам белсендісі Алима Абдирова әлеуметтік желідегі парақшасына мектеп-интернаттағы бала ұру дерегін баяндады. Бұл мектепте ақыл-ойының дамуы тежелген, мүгедек балалар тәрбиеленеді. Көбі жетім қалған, кейбірінен ата-анасы бас тартқан.

«16 ақпан күні Жайсаң арнаулы мектеп-интернатының тәрбиешісі бір баланы соққыға жықты. Оның денесінде түрлі жарақат ізі бар. Бұл мектеп-интернаттағы бірінші жағдай емес. Білім ордасында еңбек ұжымы жиналыс жасап, балаға қол көтерген тәрбиешіні жұмыс орнында қалдыру туралы шешім шығарылған. Ал тәрбиеленушілер болса өз-өздерін қорғай алмайды. Олардың көбі жетім өсіп жатыр»,- деп жазды парақшасына Алима Абдирова.

Ақтөбе облыстық прокуратурасы әлеуметтік желідегі жазбаға байланысты өз шешімдерін айтты. Алдағы уақытта тергеу жұмыстары облыстық прокуратураның бақылауында болады.

«Жайсаң арнаулы мектеп-интернатында тәрбиеленіп жатқан кәмелет жасқа толмаған баланы ұру дерегіне қатысты іс қозғалды. Мәртөк аудандық ішкі істер бөлімі Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу жұмыстарын облыстық прокуратура өз бақылауына алды», - деп хабарлайды Ақтөбе облыстық прокуратурасының аппарат жетекшісі Жасұлан Дәулембаев.

Соңғы жаңалықтар